Алаяқтардың жаңа тәсілі: SMS-код сұрайтын «курьерлерден» сақ болыңыз

Мамандар маңызды ескерту жасады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде өзін «тауар жеткізушімін» деп таныстыратын алаяқтар көбейген. Олар азаматтарға қоңырау шалып, белгілі бір зат немесе гүл жеткізгенін айтып, жеткізуді растау үшін телефонға келген SMS-кодты сұрайды. Сол арқылы тұрғындардың жеке деректеріне қол жеткізіп, банк шоттарындағы қаражатты иемденеді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бүгінде алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді қолданып, азаматтардың сеніміне оңай кіреді,  деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Аты-жөнін жария етпеуді сұраған алматылық тұрғын осыдан бір ай бұрын алаяқтың арбауына түскен. Оның айтуынша, белгісіз нөмірден хабарласқан адам өзін курьер ретінде таныстырып, сәлемдеме жеткізгенін айтқан. Жеткізуді растау үшін SMS арқылы келген кодты сұраған. Онлайн-дүкеннен тапсырыс күтіп жүргендіктен, ол еш күмәнданбастан кодты айтып берген. Алайда екі сағаттан кейін алаяқтың құрбаны болғанын түсінген.

«Маған келген SMS-тегі кодты айтып бердім де, тапсырысымды күтіп отырдым. Екі сағаттай өтті, бірақ ешкім келген жоқ. Қайта хабарласуға тырысқанымда, телефон нөмірі өшірулі болып шықты. Кейін банк картамнан 400 мың теңге жоғалғанын байқадым. Ең өкініштісі – бұл қаржыны бірнеше ай бойы жинаған едім», – дейді Алматы қаласының аты-жөнін жарияламауды сұраған тұрғыны.

Психологтардың айтуынша, мұндай алаяқтыққа кез келген адам алданып қалуы мүмкін. Себебі қаскөйлер адамның қорқынышы мен үрейіне әсер ететін психологиялық тәсілдерді қолданады.

Әңгіменің алғашқы минуттарынан-ақ сенімге кіріп, адамды асықтырып, ойлануға мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан жәбірленуші жағдайды салқынқанды бағалай алмай, алаяқтардың айтқанын орындап қояды.

«Алаяқтарға алданатын адамдардың көбі эмоционалды күйдің әсерінде болады. Әлеуметтік желілерді үздіксіз қарау да адамның ақпаратты сын тұрғысынан қабылдауына кері әсер етеді. Сондықтан әлеуметтік желіні шектеп, кітап оқып, мақсат қойып, күн тәртібін қалыптастыру маңызды. Қазір адамдар қорқынышқа жиі бой алдырады, ал алаяқтар осыны өз пайдасына қолданады», – деді психолог Шынар Оразғалиева.

Құқық қорғау органдарының мамандары алаяқтар азаматтардың асығыстығы мен аңғалдығын пайдаланып жүргенін айтады. Сондықтан өзін жеткізу қызметінің қызметкері ретінде таныстырған адам хабарласса, алдымен жіберушіні және жеткізу қызметінің ресми мәліметтерін мұқият тексеруге кеңес береді.

«Егер жеке мәліметтеріңіз алаяқтардың қолына түсіп қойған болса, бірден банкке хабарласып, банк картасына қолжетімділікті бұғаттау қажет. Кейін барлық құпиясөздерді ауыстырып, құрылғыны тексеріп, полицияға арыз берген жөн. Неғұрлым тез әрекет етсеңіз, қаржыны сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», – деді Медеу ауданы прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Зарина Буданбаева.

Мамандар цифрлық қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтаудың маңызы зор екенін ескертеді. Атап айтқанда, күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк картасының деректерін, SMS арқылы келген кодтарды және құпиясөздерді ешкімге бермеу қажет. Сондай-ақ кез келген ақпаратты тек ресми сервистер мен қосымшалар арқылы тексеруге кеңес береді.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда 2,5 мыңнан астам бала қала сыртындағы жазғы лагерьде тегін демалып жүр