Алматыда Абай ұлттық мектебінің жаңа ғимараты ашылды

900 орынға арналған кешен оқу, зерттеу, спорт және шығармашылықпен айналысуға толық мүмкіндік береді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Абай ұлттық мектебінің жаңа ғимараты ашылды. 900 орынға арналған заманауи кешен дарынды балаларды оқытуға бағытталған. Кампуста оқу кабинеттері, бірнеше зертхана, кітапхана мен Абай музейі бар. Қазір онда 351 оқушы білім алып, 72 педагог жұмыс істейді. Білім ордасының ресми ашылуына Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Абай ұлттық мектебінің жаңа ғимараты Дарын шағынауданында ашылды. Салтанатты іс-шара мектеп тарихынан сыр шертетін таныстырылым мен Абай мұрасына арналған шығармашылық бағдарламамен басталды. Қонақтарға оқу орнының қалыптасуы туралы бейнеролик көрсетіліп, ұлы ақынның өлеңдеріне жазылған музыкалық шығармалар мен оқушылардың өнері ұсынылды. Ашылу салтанатына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, қала басшылығы, ғылым және шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен білім саласының ардагерлері қатысты.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде білім сапасын арттыруға назар аударып, үнемі айтып келеді. Бұл – Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолындағы ең маңызды бағыттардың бірі.Сондықтан Президент тапсырмасымен соңғы жылдарда бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Бүгін ресми түрде ашылып жатқан Абай ұлттық мектебінің жаңа деңгейге көтерілуі де сол кешенді жұмыстың нәтижесі», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Абай ұлттық мектебі 1957 жылы бой көтерген. Уақыт өте түрлі себептермен мектеп аумағы кішірейген. Араға 69 жыл салып, білім ордасы бастапқы аумағына қайта оралды. Бүгінде 900 орынға арналған кешен оқу, зерттеу, спорт және шығармашылықпен айналысуға толық мүмкіндік береді. Мұнда заманауи оқу кабинеттері, пәндік зертханалар, кітапхана, асхана, акт және спорт залдары бар.

«Биылғы жылдан бастап  8-сыныптан емес, 7-сыныптан қабылдап жатырмыз. Қазіргі таңда мектепте 351 бала оқиды. Болашақта жобалық қуаты 900 орындық мектеп болғандықтан, біз біртіндеп жобалық қуатынан асыратын боламыз. Сонымен қатар бұл – мектеп-интернат болғандықтан, Қазақстанның өңір-өңірінен балалар қабылдайды», – деді Абай ұлттық мектебінің директоры Қайрат Мұқашев.

«Мемлекет басшысы айқындаған кез-келген бала туған жеріне, туған отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуға қол жеткізуі тиіс екенін атап өткен болатын. Бүгінде министрлік алдында осы тапсырманы сапалы жүзеге асыру міндеті тұр», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Бүгінде білім беру үдерісін 72 педагог қамтамасыз етеді. Олардың қатарында педагог-шеберлер, зерттеушілер, сарапшылар мен модераторлар бар. Ал жалпы ұжымда 146 қызметкер жұмыс істейді. Абай ұлттық мектебі Абай мұрасын дәріптей отырып, білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеуді жалғастырмақ.

Диана Тұрлыбек, Владислав Иващенко, Ернат Болатбек, Медет Саматұлы

Оқи отырыңыз: «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысу үшін өтінім беру басталды

Новости партнеров