Олар жыл сайын ауаға шамамен 21 мың тоннаға жуық зиянды қалдық таратады
Алматыда газға қосылмаған жеке тұрғын үйлер мен моншалар жыл сайын ауаға шамамен 21 мың тоннаға жуық зиянды қалдық таратады. Бұл туралы шаһардың атмосферасын қорғауға арналған қағидаттар талқыланған алғашқы отырыста айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ Алатау ауданындағы 400-ден астам қоғамдық тамақтану орны мен моншаға сүзгі қондырғыларын орнатып, ауа сапасын жақсартуға басымдық беру мәселесі сөз болды. Қатты отынды тұтынатын кәсіпкерлерді көгілдір отынға немесе электр желілеріне кезең-кезеңімен көшіру ісі талқыланды. Мамандардың айтуынша, жаңа экологиялық талаптар Алматының ауасын бірте-бірте жақсартады.
«Тамақтану орындарында қатты отын пайдалануға тыйым салынған. Егер де газ немесе электрлі құралдар қолданатын болса, фильтр қоюы керек. Талап бұрыннан бар. Қазір біз талапты күшейтіп жатырмыз. Қағидалар бойынша, кейбір талаптар тек бір жылдан кейін күшіне енетін болады. Бұл шаралар шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін жасалып отыр», – деді «ЭкоАлматы» ЖШС атмосфералық ауа департаментінің басшысы Айдана Қасен.
Сонымен қатар маңызды жиында мегополистің экологиялық ахуалын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да кеңінен сөз болды.
Атап айтқанда, 2024 жылдан бастап дизель отынымен жүретін қоғамдық көліктерді сатып алуға толықтай тыйым салынды. Соңғы екі жыл ішінде 3 мыңға жуық экологиялық автобус пайдалануға берілген. Ал биыл тағы 500-ін сатып алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ шаһарда 19 стационарлық экопост пен 4 жылжымалы экологиялық зертхана тәулік бойы жұмыс істеп тұр.
Оқи отырыңыз: Алматының Наурызбай ауданында жаңа өрт сөндіру бөлімшесі ашылады