Алматы жолаушылар тасымалы бойынша елде көш бастап тұр. Биыл алғашқы жеті айда қалада 267 жарым миллион адам қоғамдық көлікпен қатынаған. Ал осы қызметтен түскен табыс 59 миллард 700 миллион теңгеге жетіпті. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 303 миллиард теңгеден асып жығылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстанда автобус, такси және қалалық электр көлігіне сұраныс артып келеді. Биыл қаңтар-шілде айларында аталмыш транспорт түрлерімен 1 миллиард 100 миллион жолаушы тасымалданған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6 пайыз көп. Елдегі барлық жолаушы тасымалының 98, 2 пайызы автомобиль және қалалық қоғамдық көліктерге тиесілі. Яғни, халықтың басым бөлігі діттеген жеріне дәл осы транспорт түрлерімен жетеді.
Ал тасымалдаушы кәсіпорындардың жолаушы тасымалынан тапқан табысы биыл 303,1 миллиард теңгеге жеткен. Мәселен 2025 жылғы кіріс көлемі 266,1 миллиард теңге болған. Демек бір жылда бұл көрсеткіш шамамен 14 пайыз өсіпті. Түскен табыстың негізгі бөлігі автобус пен такси қызметіне тиесілі.
Бірақ бұл екі бағыттағы көрсеткіштерде айырмашылық бар. Биыл алғашқы жеті айда автобустардың жолаушы тасымалынан тапқан табысы 192 миллиард теңгеге жетті. Бұл былтырғыдан 15,5 процент көп. Ал автобуспен жүрген жолаушылар саны тек 4 жарым пайыз артқан. Такси қызметінен түскен табыс та өсіп, жеті айда 101 миллиард теңгеге жеткен. Алайда бағаның қымбаттағанын ескерсек, аталған қызметтен түсетін нақты табыс 3,2 пайыз төмендепті. Яғни таксиге мінетін адамдар көбейгенімен, қызмет бағасының өсуі тасымалдаушылардың нақты табысына әсер еткен. Ал автобуста жолаушы саны да, табыс та қатар өсіп отыр.
Ал енді өңірлер бойынша көрсеткішке назар аударсақ. Алматы жолаушы саны жағынан да, тасымалдаушылардың табысы жағынан да елде ешкімге дес бермейді. Finprom.kz сараптамалық порталының мәліметінше,
биыл жеті айда Алматыда автомобиль және қалалық көліктермен 267 миллионнан аса жолаушы тасымалданған. Ал осы қызметтен түскен табыс 60 миллиард теңгеге жуықтайды. Ал елорда 188,3 миллион адаммен екінші орынға тұрақтады. Қарағанды облысында – 83 миллион, Шымкентте – 73,5 миллион, Жамбыл облысында 60 миллионнан сәл асады.
«Барлық қоғамдық көліктер субсидияланады. Оның ішінде 15 пайыздық пайдасы бар және оны жаңартуға бөлінетін ақша бар. Алматы қаласы бойынша 99 пайыз десем болады, барлық автобус жаңартылған. Әрине таулы аймақтарға кішігірім авторбустарымыз жүріп жатыр. Қаламыздың экологиясына байланысты автобустар дизель отыннан электр және газ қуатына ауысту жүріп жатыр. Қазір біздің қоғамдық көліктің басым көпшілігі электр және газ отынмен жүреді», – деді Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ершанқұл.
Тек Алматы мен Астананың өзінде жолаушы тасымалынан түскен табыс 107 миллиард теңгеден асады. Бұл ел бойынша автомобиль және қалалық электр көлігімен жолаушы тасымалдаудан түскен жалпы табыстың үштен бірінен асады.
Ал Алматының өзінде жолаушы санының көп болуы қаладағы қоғамдық көлік жүйесінің қырқынын көрсетеді. Қазір шаһарда үш мыңнан аса жылжымалы құрам қызмет етеді. Жалпы 210 қалалық және қала маңындағы маршрут бар. Жалпы елдегі жолаушы ағыны бірнеше жылдан бері тұрақты түрде өсіп келеді. 2022 жылдың алғашқы 7 айында автомобиль және қоғамдық көліктермен 786 миллион жолаушы тасымалданған. Былтырдан бері бұл көрсеткіш 1,1 миллиардқа жетті. Осылайша төрт жыл ішінде жолаушы тасымалының көлемі 41,2 пайыз артып отыр. Ендігі мәселе – жоғары сұранысты сапалы қызметпен қамтамасыз ету.
Оқи отырыңыз: Елде жаңа талаптар қабылданды: смартфон сатып алғанда нені білу керек