Бұл талаптар тұтынушыларды заңсыз әкелінген немесе кейін бұғатталуы мүмкін құрылғыларды сатып алудан қорғауға бағытталған
Елде бүгіннен бастап смартфон сатуға қойылатын талап күшейді. Енді верификациядан өтпеген ұялы телефондарды саудалауға рұқсат жоқ. Сондай-ақ, тұтынушыға телефонның IMEI-кодын төлем жасалғанға дейін көрсетуге міндетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Енді жаңа смартфон сатып алғанда оның сыртқы түрі мен бағасына ғана емес, IMEI-кодының мәртебесіне де мән берген жөн. Себебі бүгіннен бастап елде мобильді құрылғыларды сатуға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Бұдан былай верификациядан өтпеген смартфондарды саудалауға тыйым салынады.
«Верификациядан өтпеген абоненттік құрылғылар енді тиісті емес сападағы тауар болып танылатын болады. Сол себепті сатушыға міндет қойылған, яғни абоненттік құрылғыны сатпас бұрын тұтынушыға сәйкестендіру кодын беруі керек. Тұтынушы сол сәйкестендіру коды арқылы тиісті жүйеге сайтқа кіріп шектеу жоқ па немесе бұғаттау жоқ па, көзін жеткізгеннен кейін сатып алуға құқылы», – деді ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті басқармасының бас сарапшысы Шәкәрім Хайдар.
Бұл талаптар тұтынушыларды заңсыз әкелінген немесе кейін бұғатталуы мүмкін құрылғыларды сатып алудан қорғауға бағытталған. Ал оны бұзған саудагерлерге қатаң жауапкершілік қарастырылған.
«Верификациядан өтпеген телефонды сатқан жағдайда, кемшілігі анықталғандығы дәлелденсе, оны қайтарудан бас тартса, заңмен көзделген уақыт аралығында жауапкершілік көзделген», – деді Шәкәрім Хайдар.
Жаңа талаптар жеке тұлғаларға да қатысты. Азаматтарға шетелден жеке пайдалануы үшін әкелген екі ұялы телефоннан артық құрылғыны верификациядан өткізуге рұқсат жоқ.
«Егер жеке тұлға телефонды шетелден әкеліп, жеке пайдалануы үшін верификациядан өткізсе, оны сол адамның өзі жасауы керек. Ал егер азамат телефонды Қазақстан аумағындағы дүкеннен сатып алса, онда құрылғыны елге әкелген импорттаушы, яғни телефонды сататын дүкеннің өзі верификациядан өткізуі тиіс. Тіркеу мен верификация екі түрлі нәрсе. Тіркеуді байланыс операторы жүргізеді. Ал верификация кезінде құрылғының Қазақстанға заңды түрде әкелінгені тексеріледі», – деді IMEI-верификация жүйесін ұсынушы компанияның коммерциялық директоры Мәди Шерім.
Маркетплейстер де осы ереже бойынша қызмет көрсетеді. Олар сатылатын мобильді құрылғылардың бұғатталған немесе шектеуде тұрғанын тексеруді қамтамасыз етуі тиіс. Ал азаматтар құрылғының верификация мәртебесін eGov.kz порталындағы жеке кабинетінен тексере алады. Бұған дейін верификациядан өткен құрылғылар туралы ақпарат та сол жерде сақталады.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Мектепке дайындық: ата-аналар қанша қаражат жұмсайды