Елімізде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі тиімділігін көрсетіп келеді
Алматыда 3 мыңнан аса мемлекеттік қызметші ел игілігі жолында еңбек етіп жүр. Олардың 48 пайызы әйелдер. Ал 35 жасқа дейінгі жас мамандардың үлесі 35 процентке жуықтаған. Сонымен қатар бұл бағытта мүмкіндігі шектеулі 29 азамат өз міндетін абыроймен атқарып жүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Елімізде 85 мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Бұл саладағы мамандардың 55,8 пайызы әйелдер. Ал Алматыда 3388 мемлекеттік қызметші бар. Солардың бірі – еңбек жолын 2009 жылы Астана қаласы Ішкі саясат басқармасында бастаған Ләззат Мырзабекова. Мемлекеттік қызметтегі 17 жыл ішінде ол түрлі басқармаларда жауапты лауазымдарды атқарған. Биыл мегополистегі Мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұра бөлімінің басшысы болып тағайындалған. Қазір ол шаһардағы тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алу, қорғау және олардың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға жетекшілік етеді.
«Мемориалдық тақта, ұлы адамдарға ұсыныстар, өтініш көп түседі. Соларға мемориалдық тақта орнатамыз. Бөлімге барлық кітапханалардың жұмысы кіреді, қалада 38 кітапхана бар. Сонымен қоса Алматы қаласы музейлер бірлестігі біздің бөлімге қарайды», – деді Мәдениет басқармасы тарихи-мәдени мұра бөлімінің басшысы Ләззат Мырзабекова.
Ал Аяулым Оразбек – жас буын мемлекеттік қызметшілердің бірі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі студенттік жылдардан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, кейін Алматы қаласы әкімдігінде тағылымдамадан өткен. Сол тәжірибе оның мемлекеттік қызметті таңдауына негіз болыпты. Бүгінде ол Жастар саясаты басқармасының әкімшілік-құқықтық бөлімінде бас маман қызметін атқарады. Кадрлық құжаттарды рәсімдеу мен азаматтардың өтініштерін қарау – оның негізгі міндеттерінің бірі.
«Жастардың мемлекеттік қызметке келуіне мүмкіндік беретін жолдарды кеңінен дамыту қажет деп санаймын. Себебі студенттік ұйымдардағы белсенділік, қоғамдық жұмыстарға қатысу және мемлекеттік органдардағы тағылымдамалар жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттырады. Егер осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болса, мемлекеттік қызметтегі кадрлық әлеует нығайып, жас мамандардың қатары көбейе түседі деп есептеймін», – деді Жастар саясаты басқармасы әкімшілік-құқықтық бөлімінің бас маманы Аяулым Оразбек.
Айта кетейік, елімізде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі тиімділігін көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде бұл салаға қызығушылық артып, мемлекеттік қызметке орналасуға ниетті азаматтардың саны көбейген. Қазір бір бос жұмыс орнына орта есеппен 6-7 үміткерден келеді.
Мәди Мәлік. Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Халыққа қызмет: 23 маусым - Мемлекеттік қызметшілер күні