Алматыда есепте тұрған есірткіге тәуелді адамдардың саны азайды

Биыл 300-ден астам адам стационарлық ем қабылдап, оның ішінде 19 науқас есептен шығарылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда есепте тұрған есірткіге тәуелді адамдардың саны азайды. Қазір наркологтардың бақылауында 1148 адам бар екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайыз кем, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Биыл 300-ден астам адам стационарлық ем қабылдап, оның ішінде 19 науқас есептен шығарылған. Психикалық денсаулық орталығы өкілдерінің айтуынша, есепте тұрған кәмелетке толмағандардың саны да 17-ден 12-ге дейін азайған екен.

«Биыл алғашқы бес айда есірткіге тәуелді 63 адам есепке алынды, оның ішінде кәмелетке толмаған бір жасөспірім бар. Осы уақытта 65 адам бақылаудан шығарылып, 19 азамат толық сауықты. Біз сандардың жақсы жаққа өзгеріп жатқанын байқап отырмыз. Бұған тек емдеу шаралары емес, белсенді профилактикалық жұмыстар да ықпал етіп жатыр», – деді Психикалық денсаулық орталығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Айгүл Әбдікерова.

Есірткіге тәуелділіктің алдын алу үшін жыл басынан бері Алматыда дәрігер-наркологтар Ішкі істер органы қызметкерлеріне арналған 60-тан астам дәріс пен оқыту семинарын ұйымдастырып, оған 1600-ден астам адам қатысқан. Оған қоса, қалада екі жалпы қалалық және аудандық ата-аналар жиналысы өтіпті. Басқосуларға 250-ден астам азамат қатысып, оларға жан-жақты ақпарат берілген.

«Нашақорлықты кешенді емдейміз. Ол 3 кезеңнен тұрады, детоксикация, екінші кезең психотерапия, үшнші кезең әлеуметтік оңалту болып саналады. Одан кейін науқастың физикалық  жағдайын қалпына келтіру, ұйқысын, тәбетін және жалпы жағдайын тұрақтандыру», – деді психиатр дәрігер, нарколог Мадина Мылтықбай.

Оқи отырыңыз: Өндірістегі қауіпсіздік сақталмаса, басшылық жалақысыз қалуы әбден мүмкін

Новости партнеров