Алматыда есірткіге қарсы кеңес құрамы жаңарып, жаңа деңгейге көтерілді

polisia.kz
polisia.kz

Биыл кеңес құрамы 50 пайызға жаңартылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы полиция департаментінде өткен жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Аталған кеңес қоғамның белсенді өкілдерін – депутаттарды, қоғамдық қайраткерлерді, спортшыларды, кәсіпкерлерді, журналистер мен блогерлерді біріктіреді. Кеңестің негізгі мақсаты – есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған бірлескен шешімдер әзірлеу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамда есірткіге қарсы орнықты иммунитет қалыптастыру.

Биыл кеңес құрамы 50 пайызға жаңартылды. Бұл қадам жастармен жұмыс істеуде тәжірибесі бар, заманауи көзқарастағы әрі кең ақпараттық қамтуды қамтамасыз ете алатын жаңа қатысушыларды тартуға мүмкіндік берді.

– Кеңес құрамын жаңарту оның жұмыс тиімділігін арттыруға және профилактикалық бастамалардың ауқымын кеңейтуге бағытталған. Біз кеңестің қоғамдық құрамдас бөлігін саналы түрде күшейттік. Бүгінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қоғамның белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Жаңартылған құрам – жаңа идеялар, жаңа форматтар және ең бастысы, профилактиканың маңызын халыққа кеңінен жеткізудің қосымша мүмкіндіктері. Біздің ортақ міндетіміз – тек қылмыстарды анықтау ғана емес, олардың алдын алу, азаматтардың бойында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру, – деп атап өтті Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов.

Отырыс барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, жасөспірімдер мен жастар арасында профилактикалық жұмысты күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыру, сондай-ақ әлеуметтік желілердің антинаркотикалық мәдениетті қалыптастырудағы рөлі қарастырылды.

Мемлекет пен қоғам күш-жігерін біріктіру қажеттілігіне, сондай-ақ қазіргі заман талаптарын ескере отырып, профилактиканың жаңа форматтарын енгізуге ерекше назар аударылды. Отырыс қорытындысы бойынша алдағы жұмыс бағыттарының басымдықтары айқындалды. Олардың қатарында бірлескен ақпараттық науқандарды іске асыру, профилактикалық іс-шараларды өткізу және жастармен жұмысты жандандыру бар.

Оқи отырыңыз: Алматыға былтыр 750 мыңнан астам шетелдік саяхатшы келген

Новости партнеров