Негізгі мақсат – мектеп, университет және жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейтіп, болашақ педагогтерді даярлаудың жаңа тәсілдерін талқылау
«Мектеп - университет - нарық: білім берудің жаңа архитектурасы». Алматыда осындай тақырыпта халықаралық педагогикалық идеялар фестивалі басталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеуге арналған іс-шараға мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми ұйымдар мен халықаралық құрылым өкілдері қатысты.
Негізгі мақсат – мектеп, университет және жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейтіп, болашақ педагогтерді даярлаудың жаңа тәсілдерін талқылау.
«Педагогикалық мамандарды даярлайтын болғандықтан, біздер үшін нарық – мектеп. Яғни білім ордаларымен тікелей байланыста жұмыс жасау – міндетіміз. Нарық сұранысына сәйкес, лайықты мобильді ұрпақты тәрбиелеуіміз керек», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова.
Фестиваль аясында педагогикалық білім берудің мазмұны, жас мамандарды даярлау сапасы және ғылым мен тәжірибені ұштастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Басқосуға Түркия, Әзербайжан, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Италия және Үндістаннан келген ғалымдар да қатысып, білім беру саласындағы тәжірибесін бөлісті. Сондай-ақ отандық және шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою рәсімі де өтті.
Ұйымдастырушылар «бұл алаң педагогтердің кәсіби құзыретін арттырып, білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты нақты жобалар арқылы күшейтеді» дейді.
«Жиынға келіп тәжірибе алмаса алдық. Қырғызстаннан келдік, Тәжікстаннан, Қытай университеттерінен, Еуропадан да келіп қатысуда. Педагогикалық бағытта қандай өзгерістер бар, архитектурасы қандай?
«Балаларға беріп отырған біліміміз бүгінгі күннің талабына жауап бере ме? Осы сұрақтар төңірегінде ой бөлісеміз», – деді Бішкек мемлекеттік университетінің ректоры Мирлан Дылдаев.
Оқи отырыңыз: Алматылық оқушы жер сілкінісін жасанды интеллект көмегімен тәулік бұрын болжамақ