Алматыда магистральды мұнай құбырлары жасанды интеллект арқылы басқарылуда

Бірегей цифрлық жүйені Сәтбаев университетінің ғалымдары әзірлеген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда магистральды мұнай құбырларын басқаруда жасанды интеллектіге негізделген отандық технология кеңінен қолданысқа еніп келеді. Бірегей цифрлық жүйені Сәтбаев университетінің ғалымдары әзірлеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 Сәтбаев университетінің ғалымдары мұнай тасымалдау процесін бірыңғай интеллектуалды жүйе арқылы бақылайтын шешім тауып, оны сәтті қолданысқа енгізген. SmartTranPro цифрлық жүйесі SCADA платформасымен біріктіріліп, құбырларға орнатылған сенсорлардан нақты уақыт режимінде деректер жинақтайды. Нәтижесінде, жасанды жады мәліметтерді талдап, мұнайдың қысымы, температурасы мен тұрақтылығын ескере отырып, ең тиімді айдау режимін автоматты түрде ұсынады. Бұл инновациялық тәсіл қолданысқа еніп, энергия шығынын 24,9 пайызға дейін азайтса, экономикалық тиімділікті шамамен 20 пайызға арттыруға жол ашқан.

«SmartTranPro бағдарламасы аясында қазіргі акционерлік қоғамының құбырларында мұнайды айдаудың тиімді әрі рационалды технологиялық шешім анықтауда. Біздің негізгі жұмыстардың бірі – жасанды интелекетті пайдаланып бағдарламаны жетілдіру», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры Ұзақ Жапбасбаев.

Жүйенің тағы бір артықшылығы – қауіп-қатерді алдын ала болжау қабілеті. Алгоритмдер магистраль бойындағы әлсіз немесе қауіпті учаскелерді ерте анықтап, апатқа ұшырамауға септеседі. Бұл арқылы адам факторына тәуелділік төмендеп, инфрақұрылымның сенімділігі едәуір артып отыр.

«Бұл – өте күрделі технологиялық процесс. Транспорттауды оңтайландырып, тәуекелді болдырмай, оның үстіне қаржылық шығынды азайту үшін алгоротимдердің асқан дәлдігі керек. Біздің жүйе жасанды интеллектіні қолданып, мұнай айдаудың сан түрлі әдісін орындай алады. Бұл жағдайда ауа райы, топырақ құнарлылығы, жылдамдық, бәрі ескеріліп, бір ортақ шешім шығады. Әдіс жанармай, энергия, жылу сияқты ресурстарды үнемдеп, инженерлерді қауіптен сақтауды көздейді. Бұл жүйені біз әлі де жетілдірудеміз», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ бөлімінің басшысы Тимур Бекібаев.

«Энергетикадағы модельдеу» ғылыми-өндірістік зертханасының ғалымдары жүйені жыл сайын жетілдіріп, жаңа ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізуді мақсат еткен. Жасанды интеллект модельдері жаңартылып, деректер көлемі ұлғайған сайын болжамдардың дәлдігі артып, басқару шешімі анағұрлым тиімді бола түсуде. Сандық жүйе елдегі мұнай-газ саласын басқарудағы технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға қызмет етіп келеді.

Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов «Ядролық физика институтындағы» қондырғылар мен өндірістік алаңдардың жұмысымен танысты

Новости партнеров