Алматыда Әшірбек Амангелді тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Әшірбек Амангелді – «Көзқарас», «Таным», «Қас-қағым» атты кітаптардың авторы

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда белгілі журналист, публицист әрі қоғам қайраткері Әшірбек Амангелдінің құрметіне өзі тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты ашылу рәсіміне қоғам қайраткерлері, қаламгердің әріптестері мен туған-туыстары жиналды. Олар публицистің өмір жолы мен еңбектері жайлы айтып, жылы лебізін білдірді. Ескерткіш тақта орнату туралы шешім Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі комиссия отырысында қабылданған. Осылайша, қаламгер есімі халық жадында мәңгілік сақталып, рухани мұра ретінде кейінгі ұрпаққа үлгі болмақ. Әшірбек Амангелді – «Көзқарас», «Таным», «Қас-қағым» атты кітаптардың авторы, «Зерде» және «Заңгер» журналдарының бас редакторы болған.

«Бұл азаматтың ең басты мақсаты – ұлтына қызмет ету, ұлтжанды азаматты тәрбиелеу, артына шәкірт дайындау. Елге қызмет істеген, ұлтжанды азаматқа, болашағына қызмет еткен азаматтарды елдің жадында мәңгі қалдыру мақсатында осындай шара ұйымдастырып, тақта қойып жатыр. Сондықтан бұл  біздің отбасымызға ғана емес, Қазақстан халқының болашақ ұрпағына жасалып жатқан іс-шара деп ойлаймыз», – деді Ә. Амангелдінің жұбайы Ақсәуле Манкеш

«Әшірбектің журналистерден артықшылығы ісіне адал болатын. Қоғамға да адал болатын. Өтірікті, жалғандықты жаны қас қабылдамайтын. Айтатынын жұрттың бетіне айтып салып, қарап отыратын азамат еді. Сондықтан Әшірбекті қазақ журналистикасының тұлғасы деп есептейміз. Алматы қаласының әкімдігі қолдап, тақтаны ашуға мүмкіндік бергені үшін рақмет!» – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.

Оқи отырыңыз: Алматыда жас суретшілердің көрмесі өтті

Новости партнеров