Алматыда тау спортының жаңа орталығы бой көтермек
Негізгі мақсаттардың бірі – алматылықтарды ғана емес, бүкіл ел тұрғындарын спортқа баулу
Алматы іргесіндегі тау бөктерінде ауқымды демалыс кешені бой көтермек. Кең аумақты қамтитын Almaty Superski жобасы шаңғы тебу, кәсіби спортшыларды даярлау және дене шынықтыру сабақтарын өткізу бағыттарын қамтиды. Жоба өкілдерінің айтуынша, мұнда спортпен айналысқысы келетін әрбір адамға жағдай жасалмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Негізгі мақсаттардың бірі – алматылықтарды ғана емес, бүкіл ел тұрғындарын спортқа баулу. Мамандардың айтуынша, кешеннің орналасуы да келушілер үшін қолайлы. Мұнда тәжірибелі спортшыларға да, шаңғы тебуді енді үйреніп жүргендерге де қажетті жағдай жасау көзделген.
Курорт аумағында жалпы ұзындығы 160 шақырымға жуық шаңғы трассасы, 17 лифт пен 11 аспалы жол қарастырылған. Сондай-ақ демалушылардың жайлылығы үшін өзге де қажетті нысандар салу жоспарланып отыр.
– Алматы сияқты тау спортына арналған нысандарға жақын орналасқан қалаларда жастайынан спортпен айналысу – қала мәдениетінің маңызды бөлігі. Біздің қалаға келсек, меніңше, шаңғыны жақсы меңгерген әрі тұрақты тебетін алматылықтардың саны 10 мыңға жуық. Олардың қатары 10 мыңмен шектелмеуі керек. Бұл көрсеткіш 100, 200, тіпті 300 мыңға жетуге тиіс, – деді Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев.
Жаңа курортта кәсіби спортшыларды даярлауға да ерекше көңіл бөлінбек. Жоба өкілдерінің айтуынша, аумақтың кеңдігі шаңғы трассаларының бір бөлігін арнайы жаттығуға бөлуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Almaty Superski халықаралық спорт жарыстарын өткізетін орынға да айналуы мүмкін.
– Almaty Superski кәсіби спортшылардың жаттығуына қолайлы орын болады деп ойлаймын. Ең бастысы – мұнда қыста ғана емес, жылдың жылы мезгілдерінде де жаттығуға мүмкіндік болады. Кәсіби спортшылармен қатар, кез келген адам келіп, жүгіріп, велосипед теуіп, басқа да спорт түрлерімен айналыса алады. Сондықтан бұл курорт көпшілікке қолайлы болады деп сенемін, – деді экобелсенді Дулат Нәбиев.
Балалар спорты да назардан тыс қалмайды. Кешен аумағында қала мектептерінің оқушыларына дене шынықтыру сабақтарын өткізу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл сабақтар балалар үшін тегін болады.
Сондай-ақ мұнда жасанды қар өндіретін заманауи жүйе орнатылмақ. Жоба өкілдерінің сөзінше, соның арқасында оқушыларға жаттығуды бастау үшін күннің суытуын күтудің қажеті болмайды.
Айжан Дайрабай, Маржан Манапова, Ернат Болатбек, Almaty TV.