Алматыда жетекші онкологтар жаңа технология мен тәсілдерді талдап, пікір алмасты

Алматыға жаһанның жан-жағынан ғалымдар, дәрігерлер, медициналық орталықтардың басшылары және халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде жыл сайын шамамен 40 мың адам қатерлі ісікке шалдығады. Бүгінде республика бойынша 240 мыңнан астам науқас ем қабылдап жатыр. Дегенмен, медицина аты жаман аурудың алдын алып, айықтыруда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер аз емес.  Алматыда әлемнің түкпір-түкпірінен келген жетекші онкологтар жаңа технологиялар мен тәсілдер туралы пікір алмасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыға жаһанның жан-жағынан ғалымдар, дәрігерлер, медициналық орталықтардың басшылары және халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды. Негізгі мақсат – тәжірибе алмасу және қатерлі ісікті ертерек анықтап, оны емдеуге мүмкіндік беретін тиімді тәсілдерді талқылау. Мамандардың сөзінше, бұл бағытта ядролық медицина әдістері таралып келеді.

«Қазақстанда ядролық медицина қарқынды дамып келеді. Бүгінде елімізде 12 позитронды-эмиссиялық томография орталығы бар, сондай-ақ радиофармпрепараттарды белсенді түрде дамытып жатырмыз. Қазірдің өзінде Қазақстанда бесеуі бар, оларды Ядролық физика институты жеткізеді. Сонымен қатар бұл препараттар Еуропа елдеріне және көршілес мемлекеттерге экспортталады», – деді ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин.

Сондай-ақ азаматтарды аты жаман аурудан айықтыру үшін радионуклидтік терапия әдістері мен жасанды интеллект жүйелері де белсенді қолданылып келеді. Олар дәрігерлерге медициналық деректерді жылдам талдап, ісіктерді ерте кезеңде анықтауға көмектеседі. Аталған тәжірибені халықаралық ұйымдардың өкілдері жоғары бағалап отыр.

«Қазақстанда онкологиялық ауруларды анықтауға арналған озық ПЭТ, КТ қондырғылары бар. Сәулелік терапия арқылы емдеуге арналған фармацевтикалық препараттарды өндіру жолға қойылған. Бұл елдің осы бағытта тәуелсіз екенін, яғни науқастарды емдеу мен оңалтудың толық циклін өз ішінде ұйымдастыра алатынын білдіреді. Біздің бағдарламаның мақсаты –  мұндай мүмкіндігі жоқ көршілес мемлекеттердің мамандарына Қазақстанда білім алып, ісік ауруларын емдеу әдістерін үйренуге көмектесу», – деді Магатэ ядролық медицина және диагностикалық бейнелеу бөлімінің сарапшысы Франческо Джаммариле.

Алматыда өтіп жатқан съезд жай ғана ғылыми кездесу емес. Дәрігерлер үшін бұл – әлемдік медицинамен тәжірибе алмасып, жаңа технологияларды талқылау. Сондай-ақ онкологиялық көмекті дамыту стратегиясын қалыптастыруда мол мүмкіндік.

«Онкологтар мен радиологтардың съезінде алғаш рет нейроонкология мәселелері қарастырылып жатыр. Өйткені мұндай науқастарға кешенді ем қажет, алдымен хирургиялық операция, кейін сәулелік немесе химиялық терапия жүргізіледі», – деді нейрохирург дәрігер, ҚР ҰҒА академигі Серік Ақшолақов.

Ақхалаттылар балалар онкологиясына да ерекше назар аударып отыр. Статистикаға сенсек, жыл сайын республика бойынша шамамен 700 жағдай анықталады. Бүгінде қатерлі ісікке шалдыққан 5 мыңға жуық кішкентай науқас ем алып жатыр. Ем-дом тек мамандандырылған орталықтарда кешенді тәсіл бойынша жүргізіледі. 

Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Оңалту орталығына кәмелетке толмаған жасөспірімдер жиі келеді - мамандар дабыл қақты

Новости партнеров