Алматыда жүрек трансплантациясын жасаған бірінші науқас отбасына оралды

Қарашада алғаш рет жасалған күрделі ота 5 сағаттан астам уақытқа созылып, сәтті аяқталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қалалық кардиологиялық орталығында жүрек трансплантациясы жасалған 34 жастағы науқас ауруханадан шығып, туған-туыстарының ортасына оралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарашада алғаш рет жасалған күрделі ота 5 сағаттан астам уақытқа созылып, сәтті аяқталған.

Алматылық Афган Тагиев – кардиоорталықта жүрек трансплантациясы жасалған алғашқы пациент. Өткен жылы 34 жастағы азаматқа созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған. Оның айтуынша, ол 9 жылдан астам уақыт бойы тамақтану саласында еңбек етіп, жұмыс барысында энергетикалық сусындарды жиі тұтынған. Алғашында күніне бір-екі шөлмекпен шектелгенімен, уақыт өте келе мөлшері артқан. Көп ұзамай ентігу мен жүрек аймағында ауырсыну пайда болып, науқасқа шұғыл түрде ота жасалған.

«Ота бес сағатқа созылды, бәрі сәтті өтті. Қазір өзімді сергек сезінемін. Ентігу жоқ, ұйқым да тыныш. Дәрігерлер 6 айдан кейін біртіндеп спортпен, әсіресе жүзумен айналысуға болатынын айтты. Енді зиянды әдеттерден бас тартып, қалыпты өмірге қайта оралғым келеді», – деді науқас Афган Тагиев

«Біздің орталықта жүрек ауыстыру операциясы бірінші рет жасалып жатыр. Былтыр донор пайда болғанда Астана қаласындағы UMC  орталығының дәрігерлерімен байланысып, сол кісілердің тікелей қатысуымен ота жасалды», – деді қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағамбет Қуатбаев.

Елімізде 150 қазақстандық жүрек трансплантациясына мұқтаж. Ақ халаттылардың айтуынша, бұл дерттің бірнеше сатысы бар. Аурудың бастапқы кезеңінде науқастың жағдайын дәрі-дәрмек пен арнайы медициналық құрылғылар арқылы тұрақтандыруға болады. Мәселен, қала тұрғыны Серік Байбураевқа жүректің жасанды сол жақ қарыншасы орнатылған. Бұл құрылғы ағзаға қажетті қан айналымын қамтамасыз етеді

«Жүрек ауруының арқасында жұмыстан шығып, балаларымның қолына Алматыға көшіп келдім. Дем жетпей, ауруханаға келдім. Құдайға шүкір,  аппарат қойды. Денсаулығым жақсы», – деді науқас Серік Байбураев.

Дәрігерлер жүрек ауруларының асқынуына ең алдымен темекі тарту, алкоголь мен энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну себеп болатынын айтты. Сондықтан ақ халаттылар тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

Айта кетейік, Алматыда жүрек трансплантациясына 15 адам кезекте тұр, олардың біреуі – бала.

Мәди Мәлік, Амина Үсенова

Оқи отырыңыз:  Алматының сыртқы жарнамасы Оңтүстік-Шығыс Азия қалаларында пайда болды

Новости партнеров