1913 жылы салынған «Қызыл таң» ғимараты реставрациядан өтеді
Алматыдағы Шоқан Уәлиханов көшесінде орналасқан “Қызыл таң маталар үйі” сәулет ескерткіші реконструкцияланады. Жаңарту жұмыстары келер жылы басталмақ. Мұнда заманауи көпфункционалды алаң ашылып, отандық дизайнерлер мен қолөнершілерге арналған платформа пайда болады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
1913 жылы салынған тарихи нысан көп жылдан бері жеке компанияның басқаруында болған. Бірнеше жылдық сот процесінен кейін 2023 жылы оны мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығыпты. Себебі, сенімгерлік басқарудағы компания міндетін тиісті деңгейде орындамаған көрінеді. Бүгін нысанның жаңа меншік иесі Алматы креатив орталығы жеке сот орындаушыларымен бірге сатушылардан ғимаратты босатуды талап етті. Соның нәтижесінде, кәсіпкерлер келісімге келіп, 7 жұмыс күні ішінде нысаннан шығамыз деп уәде берді.
«Бұл ғимарат 20 жылдан бері «Қызыл таң» ЖШС-нің басқаруында болған. Алайда компания ғимараттың жағдайына ешқандай қаржы бөлмеген. Ал келісімшарт бойынша олар жөндеу жұмыстарына, соның ішінде фасадқа да қаражат қарастыруы тиіс еді. Сенімгерлік басқаруға берілгеннен кейін де еш шығын шығарылмаған. Соған қарамастан, ол жерде жекеменшік бизнес жүргізілген», - деді «Almaty Creative» креативті индустрияларды дамыту орталығы директорының міндетін атқарушы Ерлан Давов.
Кәсіпкер Дина Қалдыбаева мұнда 25 жылдан бері мата сатумен айналысады. Ол осы күнге дейін сауда орнына қатысты ешқандай мәселе туындамағанын айтады. Ал ғимаратты босату туралы енді ғана естідім дейді. Алайда мемлекеттік органдар тарапынан басқарушы компанияға хабар берілген екен.
«Қызыл таңда» мен 2000 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бізге бір аптада босатыңдар деді. Ешкімге ешқандай кінә артпаймыз», - деді кәсіпкер Дина Қалдыбаева.
Республикалық маңызы бар сәулет ескерткішіндегі жаңғырту жұмыстары келер жылы басталады. Жоба аяқталса, көне ғимараттың бастапқы көркі қалпына келтіріліп, ішінде заманауи сән кластері құрылады деп жоспарланған. Сәулетшілердің айтуынша, шаһардағы тарихи ғимараттарды сақтап қалу аса маңызды.
«Сәулетшілер қауымдастығы бұл ғимараттың базар ретінде пайдаланылып келе жатқанына көптен бері алаңдап жүр. Өйткені мата саудасы нысанның тарихи келбетіне үлкен зиян келтіреді. Біздің өтінішіміз – ғимаратты реставрациялап, қайта жаңғырту. Болашақта мұнда сәулетшілерге, дизайнерлерге және қолөнершілерге арналған заманауи көпфункционалды мәдени кеңістік болса деген тілегіміз бар», - деді сәулетші Жанна Спунер.
Осылайша, ғасырлық тарихы бар “Қызыл таң” ғимараты алдағы жылдары жаңа тыныс алмақ. Тарихи келбеті сақталып, заманауи мазмұнмен толыққан бұл нысан шаһардың креативті орталықтарының біріне айналмақ.
Олжас Омарбек, Думан Дәулетбақұлы, “Алматы” телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматының туристік әлеуеті артып келеді: инвестиция көлемі 62% өсті