Алматыда жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің басын қосатын жалпықалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv
Іс-шараны Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырған. Жәрмеңкеге білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, өндіріс, сауда, көлік және логистика, қонақүй бизнесі, қаржы мен ақпараттық технология салаларындағы жетекші жұмыс берушілер қатысты. Келушілер өз мамандығына сай бос жұмыс орындарын қарап, жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасуға мүмкіндік алды.
«150-ден астам жұмыс беруші шақырылды және тағы да келіп жатқан жұмыс берушілер бар. Бүгінгі жәрмеңкеге 3-4 мың адам келді. Оның ішінде көбі жастар және мүгедектігі бар адамдарды шақырдық. Бос жұмыс орындарына келетін болсақ, 2525 жұмыс орны ұсынылды», – деді «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Айқын Жиенқұлов.¤
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке аясында азаматтар мемлекеттік қолдау шаралары туралы да кеңес ала алады. Сондай-ақ еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтармен танысып, тәжірибесі мен біліктілігіне сәйкес жұмыс таңдау тәсілдерін үйренеді. Мамандар мұндай кездесулер жұмыс іздеу уақытын қысқартып, жұмыс беруші мен үміткер арасында тікелей байланыс орнатуға ықпал ететінін айтады.¤
«Жәрмеңкеге тұрақты түрде қатысамыз. Ұйымдастырушылар хабарласып, шақырады. Емхана болған соң, әрине, дәрігерлер, медбикелер қажет болады. Сондықтан мұндай-іс-шара өте жақсы көмектеседі. Жұмыс іздеушілер бірінші жалақының көлемі мен мекенжайды сұрайды. Еңбек шарттары жайлы да толық түсіндіреміз. Біз үшін өте тиімді», – деді № 10 қалалық емхананың кадр бөлімі инспекторы Әли Ілияс.
Оқи отырыңыз: Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жаңа салық енгізіле ме