AlmatyFair.ai: Алматыда жасанды интеллект саласында көрме басталды

gov.kz
gov.kz

Көрме аясында Қазақстанның AI саласындағы негізгі бастамалары ұсынылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жасанды интеллект саласындағы AlmatyFair.ai көрмесі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көрме жасанды интеллект (AI) бағытында жетекші ІТ-компаниялар мен стартаптарды, сондай-ақ әлемдік сарапшыларды бір алаңда тоғыстырып, үздік технологияларды экономиканың түрлі салалары мен әлеуметтік өмірде қолдану мүмкіндіктерін талқылайтын маңызды алаң ретінде танылды.

Көрме аясында Қазақстанның AI саласындағы негізгі бастамалары ұсынылды. Атап айтқанда, халықаралық alem.ai жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасы, KazLLM ұлттық тілдік моделін дамыту, 8 мыңнан астам қолданушы тіркелген Ұлттық AI платформасының іске қосылуы және өңірдегі алғашқы жасанды интеллект мектебі — Tomorrow School-дың жұмысы қамтылды.  Сондай-ақ көрме алаңында өңірлік стартап-экожүйені қолдау мақсатында Astana Hub пен IT Park Uzbekistan бастамасымен құрылған Орталық Азияның ірі технопарктері альянсы — Central Asian Innovation Hubs қызметімен танысуға болады.

«Жасанды интеллект бүгінде экономиканы, мемлекеттік басқару жүйесін, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын түбегейлі өзгертіп келеді. McKinsey зерттеулеріне сәйкес, 2030 жылға қарай AI-дің жаһандық экономикаға қосар үлесі $20 трлн жетуі мүмкін. Қазақстан бұл үдерісте дайын шешімдерді пайдаланып қана қоймай, өз технологияларын дамытуы қажет. Биыл Ұлттық AI платформасын іске қостық, өңірдегі алғашқы ұлттық тілдік модель — KazLLM-ды құрдық және жасанды интеллект туралы заң қабылдау жұмыстарына кірістік. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанды AI-ге негізделген мемлекетке айналдыруды көздейтін халықаралық alem.ai орталығы құрылып жатыр», — деді Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Көрме жасанды интеллект технологияларының өнеркәсіп, қаржы, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, білім беру және қалалық инфрақұрылым салаларына әсерін көрсетеді. AlmatyFair.ai аясында AI болашағы мен ұлттық стратегиялар, мемлекеттік басқарудағы AI, ақылды қалалар, бизнестегі AI мен венчурлік инвестициялар, сондай-ақ цифрлық көшпенділер мен AI-шешімдерінің жаһандық экспансиясына арналған тақырыптық панельдік пікірталастар өтуде.

Көрмеде компаниялар жасанды интеллектке қатысты инновациялық жобалары мен заманауи шешімдерін ұсынатын стартаптар аллеясы бой көтерді.  Бұл тәжірибе алмасу, кәсіби байланыстар орнату және әлеуетті инвесторлармен кездесуге бірегей мүмкіндік береді. AlmatyFair.ai маңызды оқиғаларының бірі — болашағы зор AI-стартаптар арасындағы AI Startup Showdown питч-баттлы. Мұнда 30 наурызда командалар өз жобаларын таныстырып, 10 000 АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қоры мен Кремний алқабында (АҚШ) өтетін Hero Training Program акселераторына қатысу мүмкіндігі үшін жарысқа түседі.

AlmatyFair.ai көрмесін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырады. 

Оқи отырыңыз: Алматыда тіркелген мопед саны 5 мыңнан асты

Новости партнеров