Аптап пен аяздағы адал еңбек: шойын жолдың қауіпсіздігіне кім жауапты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Теміржолдағы қауіпсіздік пен қозғалыстың дәлдігі – мыңдаған маманның еңбегінің нәтижесі. Сондай жандардың бірі – бүгінгі кейіпкеріміз. Теміржолшылар күні қарсаңында Аlmaty.tv тілшісі болат жолдың бойында еңбек етіп жүрген маманмен тілдесті. 

Бақытжан Жазылбековтің шойын жолдың бойында жүргеніне 30 жылдан асқан. Еңбек жолын 24 жасында Солтүстік Қазақстан облысында бастаған азамат, бүгінде елордадағы рельстердің жай-күйін тексеріп, пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр. Екі бала тәрбилеп отырған Бақытжан «болат жолдың бойындағы еңбек үлкен жауапкершілікті талап етеді» дейді. Бұл салада төзімділік пен тәртіп – басты қағида.

«Бұл жұмысқа келгенде төзімді болу керек. Темірдей тәртіп, екіншісіден адамның қауіпсіздігі. Пойыздардың өтуін, кетуін  жұмысшылардың арасында арнайы маман қадағалап жүреді. Пойыздың келе жатқанын айтып отырады. Темір жолдың болттары босап кетсе, тартып, сынса, ауыстырамыз», – деді жол монтері Бақытжан Жазылбеков.

Темір жол құрылымдарын мұқият тексеріп, ақаулардың алдын алып, кемшіліктер анықталса, оны дер кезінде жою – Бақытжан Жазылбековтің күнделікті жұмысы. Ол жылдар бойы шойын жолдың әр метрін бақылауда ұстап, мыңдаған жолаушының алаңсыз сапар шегуіне үлес қосып келеді.

«Бұрмалы жолдың нормативтен өткен-өтпегенін шаблонмен тексереміз. Деңгейін қараймыз, бәрін өз уақытында жасаймыз. Оның өзіндік рұқсат етілген шектері  бар ғой. Сол шектен шығып кетпеу үшін қадағалаймыз. Егер шектен тыс ауытқу байқалса, оларды дер кезінде орнына келтіріп, кергеу  жұмыстарын жүргіземіз. Тозған жерлерін ауыстырамыз, ал сынған бөлшектер болса, шұғыл түрде жаңартамыз», – деді жол монтері Бақытжан Жазылбеков.

Жолға жауапты мамандардың жұмысы мезгіл талғамайды. Аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан күн сайын болат жолдың беріктігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салады.

«Ең қиын жұмыстардың бірі –  Астана жол дистанциясында жұмыс істейтін жол жөндеушілердің жұмысы. Қысы-жазы, қыста 40 градус аязда, жазды күні 40 градус ыстықта және ауа райының температурасы 40 градус болған кезде, рельстің жанында ол 50-55-ке дейін жетеді. Осындай далада, ашық аспанда ең қиын жұмыстарды жасаймыз», – деді Астана жол дистанциясының басшысы Төленді Шапшекеев.

Бүгінде Астана жол дистанциясында еңбек ететін 650 адам Бурабай курорты мен Анар станциясы аралығындағы шойын жолға жауапты. Қолындағы сайманын серік еткендердің қатарында 55 жастағы кейіпкеріміз Бақытжан Жазылбеков те бар. Биыл күзде зейнетке шығатын ол ғұмырының жартысын теміржол саласына арнаған.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Теміржолшылар күні: Алматыда саланың үздік қызметкерлері мен ардагерлері марапатталды