Арман Шаққалиев: Қазақстанның қызмет көрсету нарығы мен экспорты артып келеді
Қазақстанда қызмет көрсету экспорты 13 миллиард долларға жетті
Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі бері тауар айналымы 2 есе өскен. Мұндай ақпаратты Сауда және интеграция министрі Құрылтай депутаттарына тиісті заң жобасын таныстыру кезінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Арман Шаққалиевтің сөзінше, қазір әлемде қызмет көрсету нарығының ауқымы кеңейіп, былтыр жаһандық алыс-берістің 28 пайызын иеленген. Қазақстан да бұл бағытта оң динамика көрсетіп отыр. Өткен жылы елдің осы сектордағы экспорты шамамен 13 миллиард доллар болған. Министр өз сөзінде саланың драйверлерін атады.
«Біріншіден, ІТ секторында, екіншіден құрылыс, үшіншіден транспорт және логистика екторын атауға болады. Бұл – ірі драйверлер. Мұнай-газ саласында инженерлік-технологиялық қызмет көрсету, қаржы қызмет көрсету, сақтандыру, туризм, денсаулық, қосымша бағыттар драйвер болып саналады», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Құрылтай қараған құжат қазақстандық қызмет көрсетушілердің халықаралық нарыққа шығуына жол ашады. Арман Шаққалиевтің айтуынша, Дүниежүзілік сауда ұйымының бұл қағидалары отандық бизнеске үш негізгі жеңілдік береді. Алдымен, құжат тапсыру мен рұқсат алу рәсімдері жеңілдеп, қағазбастылық азаяды. Екіншіден, кәсіпкерлердің өтінімдерін қарау мерзімдері едәуір қысқармақ. Сонымен қатар сала толық цифрландырылып, барлық рұқсат қағаздарын электронды түрде онлайн алуға мүмкіндік туады. Министр жаңа ережелерді енгізу үшін мемлекет бюджетінен ешқандай ақша жұмсалмайтынын айтты.
«Ешқандай қосыша шығын болмайды. Неге десеңіз, талаптар, міндеттерімізді енгізу үшін қосымша өзгеріс жасамаймыз. Заңнамаға ешқандай қосымша өзгеріс енгізілмейді», – деді Арман Шаққалиев.
Оқи отырыңыз: Алматы тау туризмін жыл бойы дамыту шаралары қаралды