Жасыл желекке оранған қала: Алматыда жарты миллионнан астам бұта мен ағаш отырғызылды

Қала күніне орай Алматыда тағы 32 түрге жататын, 1,5 мыңға жуық жаңа өсімдік егіледі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда жарты миллионға жуық бұта мен жеті мыңнан астам ағаш отырғызылды. Ал егілген гүлдердің аумағы былтырғымен салыстырғанда екі есеге артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Алматының экологиялық ахуалы – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Құрылысы жылдан-жылға қарқын алып, көлік саны күннен-күнге артып келе жатқан шаһардың жасыл желегін сақтап, ауасын тазарту үшін қала билігі ауқымды жұмыстар атқаруда. Соның бірі – өсімдік отырғызу. Биыл оңтүстік астанада егілген тал-теректің саны рекордтық көрсеткішке жеткен. 

«Экологияға көп мән беріліп жатыр. Президентіміз бастаған «Таза Қазақстан» акциясы бойынша жұмысар жасалуда. Жеті мыңнан астам ірі өлшемді ағаш және 500 мыңнан астам бұта егіліп жатыр», – деді Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы Нұркен Ақмырза. 

Көшелер мен аулаларға көрік беріп тұрған жасыл желектің басым бөлігі өзіміздің жылыжайларда өсірілсе, тағы бір бөлігі шетелден жеткізіледі. Қала тіршілігіне бейімделген бұталар мен гүлдер көбіне Түркия, Германия, Бельгия сынды мемлекеттерден алынады. Отырғызылған өсімдіктерді күтіп- баптауға да көп күш жұмсалады.

«Бәрі Алматыны жасыл деп таниды. Сол атақты қайтып алу үшін жасыл желектер егіліп жатыр. Саябақтарда, гүлзарларда бұрыннан бар. Олардың тарихын тұрғындар біледі», – деді Нұркен Ақмырза. 

Айта кетейік, қала күніне орай Алматыда тағы 32 түрге жататын, 1,5 мыңға жуық жаңа өсімдік егіледі. Күні кеше жеткізілген жасыл-желектің арасында қара қарағай, шашақты гортензия, раушан, бөріқарақат, күңгірт қызылкүрең, сәлбен, нарқайсар және басқа да сәндік өсімдіктер бар.

Асыл Махметов, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматы тау туризмін жыл бойы дамыту шаралары қаралды