Арзан әрі жылдам: Қазақстан мобильді интернет бағасы мен сапасы бойынша үздіктер қатарына енді
Еліміз мобильді интернеті ең жылдам 55 елдің қатарына кіріп, арзандығы бойынша 7-орынға жайғасқан
Қазақстан мобильді интернеттің бағасы мен жылдамдығы бойынша әлемдегі көшбасшылар қатарына енді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Finprom.kz сарапшыларының талдауына сүйенсек, еліміз мобильді интернеті ең жылдам 55 елдің қатарына кіріп, арзандығы бойынша 7-орынға жайғасқан.
Қазақстанда айлық интернет құны орта есеппен 10,65 АҚШ долларын құрайды, бұл жоғары жылдамдықты елдердің орташа көрсеткішінен 2,5 есе арзан.
Ал орташа жылдамдық 93 Мбит/с жетіп, Канада, Италия, Ұлыбритания мен Испания сияқты бірқатар дамыған елдерді басып озды.
Әлемдік нарықта негізінен екі түрлі бағыт қалыптасқан: яғни жылдам, бірақ өте қымбат, немесе арзан, бірақ жылдамдығы көңіл көншітпейді.
Жылдамдық рейтингінде көш бастаған Парсы шығанағы елдері (БАӘ, Катар, Кувейт) ең қымбат нарықтар қатарына жатады, мысалы, Кувейтте интернет Қазақстанға қарағанда 7,5 еседен астам, ал БАӘ мен Катарда 5,5 еседен астам қымбатқа түседі.
Сондай-ақ Канада тұрғындары интернет жылдамдығы жағынан шамалас болғанымен, айлық интернет үшін 5,5 есе көп ақы төлейді.
Осылайша, Қазақстан бұл қалыптардың екеуіне де сыймай, арзан әрі жылдам қызметті ұсынатын сирек елдердің қатарынан табылып отыр, нәтижесінде қазақстандықтар дамыған экономикаларға қарағанда әлдеқайда аз ақыға жоғары жылдамдықтағы интернетті пайдалануда.
Оқи отырыңыз: Алматыда автокөлік жуу орталықтарында суды үнемдеу талабы күшейді