Алматыда мектеп асханаларын жетілдіруге, оқушылардың тамақтану сапасын жақсартуға бағытталған басқосу ұйымдастырылды
Алматыда мектеп асханаларын жетілдіруге, оқушылардың тамақтану сапасын жақсартуға бағытталған басқосу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Білім беру ұйымдары, кәсіпкерлер мен халықаралық бағдарламаға қатысушылар жиналған іс-шарада салааралық әріптестікті нығайту жолдары мен нақты ұсыныстар айтылды. Жиында сондай-ақ, отандық өндірушілерді қолдау және жұмысшы мамандығының беделін көтеру мәселелері талқыланды.
«Президент Жолдауында 2025 – жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Мақсат – тамақтандыру саласының мамандарын даярлау барысында халықаралық стандарттарды, халықаралық тәжірибені енгізу болып табылады», – деді Білім басқармасы кәсіптік білім бөлімінің бас маманы Үміт Ізбаева.
Пікір алмасудан кейін қатысушылар тағам көрмесін тамашалады. Мектеп асханаларына арналған экологиялық таза, пайдалы және ұлттық сипаттағы өнімдер ұсынылды. Мамандардың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың тамақтану мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, жергілікті өндірушілерге қолдау көрсетудің тиімді жолы болмақ.
«Кейбір мектептерде сағат 8:00-де ұннан жасалған тамақтар беріп жатады. Дұрыс емес, балалар тұрмақ, біз іше алмаймыз. Сондықтан осындай жаңағы форумдар жиі-жиі жасалса, аспаздарды дайындаса, ас мәзіріне үйректің, басқа құс еттерін қосса, дұрыс деп ойлаймын», – деді қалалық мәслихат депутаты Қайрат Бегалин.
Оқи отырыңыз: Маңғыстаудағы 65 мектеп асханасында санитарлық норма сақталмаған