Астанада 3 мыңнан астам рубик текшесінен Елтаңба бейнесі жасалды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Көлемі 4x3 метрлік панноны құрастыруға үзіліссіз 10 сағат уақыт жұмсалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада «Жастар рухы» ұйымдастырған ерекше патриоттық акция аясында 3 мыңнан астам рубик текшесінен Мемлекеттік Елтаңба бейнесі жасалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Көлемі 4x3 метрлік панноны құрастыруға үзіліссіз 10 сағат уақыт жұмсалған. Әр текше алдын ала тексеріліп, түс алгоритміне сәйкес таңдалды. Нәтижесінде Тәуелсіз Қазақстанның символына айналған Елтаңбаның дәлме-дәл, пиксельді бейнесі әзірленді. Спидкубинг чемпионы және Kazakhstan Speedcubing Federation ұйымының жетекшісі Әлихан Ертұрсынның айтуынша, мұндай жобалар аса жоғары зейін мен команданың үйлесімді жұмыс істеуін талап етеді. 

«Эскиз жасау жұмысын алдын ала бастадық: арнайы компьютерлік бағдарламаның көмегімен Елтаңбаның пиксельді үлгісін әзірлеп, оны бөліктерге бөлдік. Мұндай ауқымды дүниені құрастыру жұмысы – аса жоғары жауапкершілік. Алайда бұл біздің алғашқы тәжірибеміз емес. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше әрі әсерлі туынды сыйлай алғанымызды мақтан тұтамыз. Жалпы, Рубик текшесі – ақыл-ойды, моториканы, қимыл-қозғалысты үйлестіруге және барынша зейінді болуға арналған таптырмас жаттығу құралы», – деді ол.

 

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, мұндай креативті акциялар отандастарымыздың елге деген мақтаныш сезімін ояту, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін нығайту және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру мақсатында өткізіледі.

«Мемлекеттік Елтаңбаның мән-мағынасы тереңде жатыр. Онда халқымыздың ғасырлар бойғы тарлан тарихы көрініс тапқан. Шаңырақ – бейбітшілік пен келісімді, тұлпар – қуат-күш пен еркіндікті, ал бес бұрышты жұлдыз – болашаққа деген көзқарасымызды бейнелейді. Біз қалыптан тыс тәсілдер арқылы патриотизм құндылықтарын насихаттауға тырысамыз. Жастарымыз Мемлекеттік рәміздермен рухани байланыс барын сезініп, оларды мақтан тұтса екен дейміз. Осындай акциялар азаматтардың Отанға деген сүйіспеншілігін, ел ертеңіне деген жауапкершілік сезімін оятады», – деді ол.

Оқи отырыңыз: Қазақстанға қай елдердің азаматтары көп көшіп келген

Новости партнеров