Сот отырысында оқу курстарының мазмұны мен ұтыс ойындарына қатысты жауапкершілік мәселелері талқыланды
Астанада өтіп жатқан Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың сот процесінде танымал блогерлер Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза куә ретінде жауап берді, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Дархан Жолшыбеков айыпталушы отбасымен бес жылдан астам уақыт таныс екенін айтып, олардың арасындағы бұрынғы келіспеушіліктер мен ұтыс ойындарын өткізуге қатысты кеңестері туралы баяндады. Оның сөзінше, ерлі-зайыптылар ұтыс ұйымдастырғаны үшін қандай жаза қарастырылатынын сұрағанда, өзінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын жеткізген.
Сот отырысында куәлік еткен келесі блогер Нұрбек Нұртаза да ұтыс ойындары үшін бұрын әкімшілік жаза арқалағанын атап өтті. Ол айыпталушылардың оқу курстарымен жеке таныспағанын, бірақ екі тараптың да спикері болған сарапшы Әсет Ақбардан курстар арасындағы ұқсастықтар туралы естігенін айтты. Сондай-ақ, блогерлердің оқу бағдарламаларын Сұңғат Өтеболатов есімді IT-маман әзірлегені белгілі болды.
«Мен олардың курсын көрген жоқпын, сондықтан нақты салыстырып, пайызын өзім айта алмаймын. Бұл – тек біздің сарапшы Әсет Ақбардың сөзінен білгенім. Әсет Ақбар бізде де, оларда да спикер болды. Мен тек соның сөзіне сүйеніп отырмын. Жалпы, Қытаймен бизнеске арналған кез келген курс бір-біріне ұқсас келеді», – деді блогер Нұрбек Нұртаза.
Қазіргі уақытта сот тергеуі жалғасып жатыр, тараптар куәгерлердің сөздері мен іске қатысты басқа да материалдарды зерделеуде.
Оқи отырыңыз: Алматыны газға көшіру: газ турбиналары мен генераторлар орнатылуда