Іздеу жұмыстарына еріктілер мен ауыл азаматтары да атсалысып жатыр
Атырау облысында жолдастарымен бірге аңға шыққан ер адам ұшты-күйлі жоқ болып кетті. 5 күннен бері із-түссіз жоғалған азаматты жақындары мен еріктілер жан ұшыра іздеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өтебай Сабировтың жоғалып үйіне оралмағанына бүгін – бесінші күн. Ол 14 желтоқсанда қаладан 100 шақырым жерде орналасқан «Ботахан» кен орнында үш жолдасымен аңшылыққа шыққан. Сол маңда көліктері сынып, байланыс үзілген. Жоғалып кеткен Өтебай Сабиров мылтықты алып, жалғыз өзі аң аулауға кетіп, сол күйі оралмапты. Алайда туыстары жанындағы құрдастары дер кезінде көмек көрсетіп іздеу салғанда мұндай жағдай болмайтынын айтып отыр. Әрі олар «бір шикілік бар» деп күдіктеніп отыр.
«Күдіктенеміз, бірге барды ғой, неге тастап кетті. Маған 15 желтоқсанда сағат 7: 35-те хабарласып «жеңеше Өтебайды таба алмай қалдық» деді. Сол жерде ойбайлап қалдық», – деді Ө. Сабировтың жары Шұға Аймишева.
Қазір жан-жаққа бөлінген туыстары аңшылық еткен орындарды түгелдей жағалап іздеп жатыр. Бірақ ешқандай із, киім-кешектері әлі күнге дейін табылмаған.
«Дрон арқылы сол жоғалған жерінен іздедік, бірақ дым көрінбеді. Киімі де дронға түспей тұр, ештеме көрінбейді. Алысқа кетіп қалуы мүмкін емес, кете алмайды», – деді Ө. Сабировтың туысы Сымбат Сабирова.
Ал полиция тергеуді бастаған. Сонымен қоса қасында болған екі азаматтан жауап алынған. Бірақ олар күдікті ретінде қамауға алынбаған.
«Қылмыстық іс шеңберінде тиісті тергеп тексеру амалдары іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Облыстық ПД тапсырмасына сай 10 полиция, аудандық 30 қызметкер, ТЖД 20-ға жуық қызметкері іздеуге шықты. 11 техника 3 ұшқыш аппараты және 50-ге жуық еріктілер іздестіруге жұмылдырылды. Тергеп-тексеру барысында аталған екі азаматтан тиісті жауап алынды», – деді Атырау облысы ПД криминалдық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Абай Жұмабаев.
Қазір іздеу жұмыстарына еріктілер мен ауыл азаматтары да атсалысып жатыр. Ал бүгін тікұшақ пен арнайы дрондар іске қосылды. 61 жастағы Өтебай Сабиров бұған дейін аймақтағы ірі компанияда оператор болып жұмыс істеген. Жан баласына ешқандай жамандығы жоқ, ешкіммен ерегесіп, ерсі қылық танытпаған азаматтың жақындары тезірек аман-есен оралғанын қалайды.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы кептелісті азайту үшін қоғамдық көлікті дамыту маңызды - автосарапшы