Тиісті іс-құжаттар жинақталып, тергеп-тексеру жүргізілуде
Атырауда моторлы екі қайық соқтығысып, 5 жолаушы ауруханаға түсті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оқиға түнгі сағат 11 шамасында болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан Жайық өзенінде қатты жылдамдықпен жүйткіген қос қайықтың бір-бірімен қақтығысқаны көрінеді. Ішіндегі адамдардың айқайлап, көмек сұрағаны да анық байқалады. Оқиға салдарынан омыртқасына зақым келген 21 жастағы тұрғын облыстық ауруханаға түскен. Ал өзге тұрғындар алғашқы медициналық көмектен кейін үйіне жіберілді. Полиция аталған оқиғаға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
«Жайық өзенінде MAN және Dolphin маркалы қайықтар соқтығысқан. Қазір тиісті іс-құжаттар жинақталып, тергеп-тексеру жүргізілуде. Полиция су көлігін пайдалану кезінде азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады», – деді Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Полиция – ел қорғаны: Алматыда тәртіп сақшылары марапатталды