Сотталушының барлық қылмысы дәлелденді
Атырауда тұрғын үй кешендерінің бірінде жүкті әйелді зорлап, пышақтап өлтірген қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Судья 38 жастағы Арман Жетпісовты кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушының барлық қылмысы дәлелденді. Оған «алаяқтық», «зорлау», «ұрлық», «көлікті айдап әкету» және «аса қатыгездікпен әйел адамды өлтіру» баптары бойынша айып тағылды.
«Қылмыстардың жиынтығы бойынша А. Жетпісовке түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза өтеу орны А. Жетпісовке ҚАЖ төтенше қауіпсіз мекемесі белгіленсін. Жетпісовке қолданылған күзетпе бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын. Жаза өтеу мерзімі 2025 жылдың 29 сәуірінен бастап есептелсін», – деді Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина.
Дүйім жұртты дүрліктірген қанды қылмыс сәуір айында болған. Сотталушы элиталы тұрғын үй кешенінде сантехник болып жұмыс істеген. Ол марқұм 46 жастағы Бибігүл Шпанованың ірі мұнай компаниясында жоғары лауазымда қызмет ететінін біліп, одан автотұрақ тауып беремін, үйге ішкі жөндеу жүргіземін деп қомақты қаржы алған. Бірақ айтылған жұмыстың бірін де орындамаған соң әйел ақшаны қайтаруды сұраған. Алайда қаскөй марқұмды он жеті рет пышақтап, зорлап, тонап, автокөлігін ұрлап тайып тұрған.
Оқи отырыңыз: Ұлытау облысында 295 млн теңгенің жер телімі мемлекетке қайтарылды