Балаларымның көзінше сабады: жақ сүйегі сынып, миы шайқалған келіншек әділдік іздеп әлек

Ауыр соққы алған әйелдің ісі үш апта бойы қаралмай келген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Балаларымның көзінше өлермен күйге дейін сабады». Осылай деп жанайқайын жеткізген Дильбар есімді келіншек бір айдан бері әділдік іздеп әлек. Жақ сүйегі сынып, миы шайқалып, ауыр соққы алған әйелдің ісі үш апта бойы қаралмай келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқиға Алматының Жетісу ауданында 28 тамызда болған. Дильбар есімді 28 жастағы келіншекті бұрынғы күйеуі сабап, жағын сындырып, бас сүйегін зақымдаған. Үш жыл бұрын ажырасқан ерлі-зайыптының ортақ екі баласы бар. Ер кісі балаларын көру желеуімен үйге жиі бас сұғатын көрінеді. Сол күні де әдетінен жаңылмады. Бірақ бұл жолы ер азамат ерсі қылыққа барып, әйелдің денесіне қол жүгірткен. Дильбар қарсылық танытқанда ашуға булыққан азамат оған жұдырық жұмсап, бет-аузын қанға бояған.

 «Басында жұдырықтап, артынша бетімнен тепкілей бастады. Қансырап жатқанымды балаларым аяғына жармасып ұрмауын сұрап, жылады, ол тоқтамады. Ұра берді. Анам хабарласты, ол бірден полиция шақырды. Кейіннен оның ата-анасы да келді. Бірден қолына шүберек алып қанды жуа бастады. Мұрным сынды, жағымның бұзылып, зақым алғаны соншалық дәрігерлер  орнына қоя алмай әлек болып, титан орнатты. Полиция менен тіпті экспертиза, сұрау алуға тырыспады», – деді қала тұрғыны Дильбар Тимурова.

Жәбірленуші сол күні-ақ полицияға арыз жазды. Бірақ үш апта бойы құзырлы орындардан еш қимыл болмаған көрінеді. «Ұстамақ түгіл, тергеу де жүрмеді» дейді зәбір көрген келіншек. Дильбар бұрын да күйеуінен талай теперіш көргенін жасырмайды. Әйелдің сөзіне сенсек, оның арызына бүгінге дейін құлақ асқан ешкім болмаған. «Тек әлеуметтік желіде бейнежазба жариялағанда ғана іс ілгері жылжыды» дейді ол. Ал күдіктінің әкесі ұлының «психикасында кінәрат бар» дегенді алға тартып отыр.

 «Баламның психикасында ауытқу бар. Ол сол күні балаларын көруге барған, бірақ бұрынғы келінім есік ашпағанына ашуланған. Ол өзін ұстай алмай оны ұрды», – деді күдіктінің әкесі Асан Тимуров.

Алматы қалалық Полиция департаменті 36 жастағы ер адамның ұсталғанын растады. Қазір ол Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша, яғни денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру бабымен тергеліп жатыр.

 «Бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодексінің 107-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-баптың талаптарына сай қамауға алынды, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазір тергеу амалдары жүргізілу үстінде. Тергеу реті ПД басшылығының жеке назарында.

Соққыдан кейін Дильбар 13 күн ауруханада жатып, бірнеше ота жасатқан. Жақ сүйегі сынып, миы шайқалған, денесінің бірнеше жерінен жарақат алған әйел істі «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен қайта саралауды талап етіп отыр. Сондай-ақ ол күдіктіні ата-ана құқығынан айыруды сұрайды.

Әйкерім Пернебек, Медет Саматұлы

Оқи отырыңыз: Атырауда жүкті әйелді зорлап, пышақтап өлтірген қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты

Новости партнеров