Ауыспалы егіс жүйесі сақталмайды: ШҚО-да 499 мың гектар жер бүлінген

Жаңа заңда жер пайдаланушылардың жауапкершілігі нақты көрсетіледі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандағы ауыл шаруашылығы алқаптарының үштен біріне, яғни 90 миллион гектар жерге қауіп төніп тұр. Қазірдің өзінде оның 29 миллионы өнім бере алмайтын жағдайға жеткен. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметі, деп хабарлайды Almaty.tv.

ШҚО-да ауыл шаруашылығына арналған 6,5 миллион гектар жер бар. Алайда оның 499 мыңы эрозияға ұшыраған. Ал өзгерістің туындауына жерді дұрыс өңдемеу, тыңайтқыштардан бас тарту, ауыспалы егіс жүйесін сақтамау сынды бірнеше себеп әсер еткен. Таулы аймақтарға келсек, жаңбыр суы құнды әрі құнарлы топырақ қабатын шайып кетіп жатыр. Облыста су эрозиясынан 240 мың гектар, желдің әсерінен 260 мың гектар жер бүлінген.

Облыста зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Нәтижесінде цифрлық карта жасалмақ. Алайда мамандар уақыт жоғалтып алмас үшін нақты шараларды қолдану керек екенін айтты. Егістік алқаптарында не егілгені, қай жылы қандай тыңайтқыш қолданылғаны жайлы ақпарат жазбаша түрде ұсынылатын. Агроном Анатолий Фроловтың айтуынша, бүгінде тәжірибе ұсақ шаруашылықтарда ұмыт қалған. Оның сөзінше, олар жылдам табыс табу үшін ауыспалы егіс жүйесін сақтамай, бір жерге бір дақылды қайта-қайта еге береді. Ал соның ішінде ең жиі өсірілетіні – күнбағыс.

«Ғылымда күнбағысты жыл сайын бір жерге егуге қатаң тыйым салынған. Себебі дақыл бидаймен салыстырғанда топырақтан калийді 16 есе көп және фосфорды 2 есе артық сіңіреді. Яғни, жер тез тозады», – деді агроном-зерттеуші Анатолий Фролов.

Мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласын көркейту үшін жерді дұрыс өңдей білу қажет. Ал ісіне немқұрайлы қарайтындарды жазалау әзірге қиын болып тұр. Сол себепті Мәжілісте «Топырақты қорғау туралы» заң жобасы дайындалып жатыр.

«Әзірге әлі басталған жоқ. Міндет – тозған жер учаскелерін орналасқан жерін анықтау, оларды қалыпқа келтіру бойынша ұсыным әзірлеу», – деді Жер қатынастары басқармасының бас маманы Динара Асқарбекова.

Жаңа заңда жер пайдаланушылардың жауапкершілігі нақты көрсетіледі. Шаруалар құжатқа үлкен үміт артып отыр. Себебі қайткен күнде де, алқап басында жүргендер ғана топырақ құнарлығын сақтай алады.

Рүстем Айткәрім, Руслан Мұмадеияров, ШҚО

Оқи отырыңыз: Жұмысшы мамандықтары жылы: жазғы лагерде шеберлік сабағы өтіп жатыр

 

 

Новости партнеров