Автосарапшылар бұл елдерден әкелінетін көліктерге деген сұраныс айтарлықтай төмендегенін айтты
Қазақстанда шетелден көлік әкелу тәртібіне өзгерістер енгізілмек. Алдағы уақытта утилизациялық алым мөлшерлемесінің өсуіне байланысты кейбір бағыттар бойынша автокөлік импорттау қиындауы мүмкін. Алайда бұл өзгерістер барлық елдерге бірдей әсер етпейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстанға Ресей және Беларусьтен әкелінетін көліктер үшін төлем айтарлықтай қымбаттауы ықтимал. Себебі аталған елдерден импортталатын темір тұлпарларға утильалымды 40 есеге дейін арттыру ұсынылып отыр. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанға әкелінетін көліктер мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасына кәдеге жарату алымын есептеу кезінде 2 еселік арнайы арттыру коэффициентін қолдану көзделген. Бұл төлем көлемінің едәуір ұлғаюына әкелуі мүмкін. Өнеркәсіп және құрылыс министрілігінің хабарлауынша, бұл шаралар нарықтағы өзара сауда барысында тең бәсекелестік жағдай қалыптастыруға бағытталған.
«Қазақстан утиль алымы мен импорт саласындағы саясатын мемлекет, бизнес және тұтынушылар мүддесінің тепе-теңдігін сақтай отырып жүргізеді. Отандық өндіріс үшін де, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден және басқа да мемлекеттерден келетін импорт үшін де тәртіп сақталады. Бұл тәсіл нарықтың ашықтығын және барлық қатысушылар үшін тұрақты ережелерді қамтамасыз етуге ұмтылысты көрсетеді», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, өткен жылы Беларусь республикасынан Қазақстанға барлығы 31 автокөлік әкелінген. Оның ішінде біреуі ғана жеңіл көлік болған. Ал Ресейден 17 мыңнан астам темір тұлпар импортталған. Автосарапшылар бұл елдерден әкелінетін көліктерге деген сұраныс айтарлықтай төмендегенін айтты. Мамандар пікірінше, бұл техникалар талаптарға сай келмейтін көрінеді. Сондай-ақ қауіпсіздік деңгейі де сын көтермейтінін жеткізді. Осыған байланысты сарапшылар утилизациялық алым мөлшерлемесін арттыру туралы шешімді қолдайды. Олардың сөзінше, алдағы үш жыл ішінде аталған елдерден келетін көліктерге сұраныс мүлде болмауы да мүмкін.
«Сарапшы ретінде болжамымды айтайын, Ресейлік жеңіл авткөліктерге мүлдем сұраныс жойылады деген сеніміміз мол. Ресейден келетін УАЗ, ВАЗ, ГАЗ деген сияқты автокөліктердің бәрі басқа әлемдік брендтерге қарағанда қауіпсіздігі өте нашар және сапасыз. Бұл жеңіл автокөліктерге енгізілген утилизациялық алым халыққа зияны тимейтініне сенемін», – деді автосарапшы Еркебұлан Құлбасов.
Дегенмен сарапшылар бұл өзгерістің ауыл шаруашылығы саласына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Олардың айтуынша, еліміздегі қожалықтардың басым бөлігі жұмыс барысында Беларусьтен әкелінетін техникаларды пайдаланып келеді. Сондықтан утилизациялық алымның өсуі шаруалар үшін қосымша қаржылық салмақ болуы ықтимал. Әсіресе егін егу науқаны жақындап қалған тұста мұндай өзгерістер шаруашылық иелерін алаңдатып отыр.
Мамандар бұл кезеңде қожалықтарға қолдау көрсетудің нақты тетіктерін қарастыру қажет екенін айтты. Олардың пікірінше, ауыл шаруашылығы саласының тұрақтылығын сақтау үшін жеңілдетілген шарттар енгізу мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс.
«Қожалықтарға кесірі тиеді. Өйткені Беларусь деген тракторларды әкелу мүмкіншілігі болмай жатыр. Көктемде диханшылардың жұмыстары басталады. Ресейден, Беларусь елінен келетін тракторларға басқа да арнайы техникаларға утиль алым өте қымбат екенін ескеретін болсақ, міндетті түрде шара қолданып, үшінші елдерден келетін, басқа елдерден келетін тракторлерге, техникаларға утилизациялық алымды алып тастауымыз керек немесе жеңілдетуіміз керек», – деді автосарапшы Еркебұлан Құлбасов.
Айта кетейік, басқа мемлекеттерден импортталатын автокөліктер мен арнайы техникалар үшін утилизациялық алым мөлшерлемесі бұрынғы деңгейде сақталады. Яғни, бұл бағыттағы жеткізілімдерге қосымша қаржылық жүктеме қарастырылмаған.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз. Жамбыл облысында былтыр үлестірген үйдің сапасы сын көтермейді