Бақыт деген – сенің бала күндерің: Алматыда республикалық телевизиялық фестиваль-байқауы өтіп жатыр

Бұл — жай ғана конкурс емес, шынайы реалити-шоу 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Бақыт деген – сенің бала күндерің» атты республикалық телевизиялық фестиваль-байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетованың бастамасымен қолға алынған әлеуметтік жоба биыл мерейлі 10-маусымын атап өтті. Бұл — жай ғана конкурс емес, шынайы реалити-шоу. Еліміздің әр өңірінен келген 6 мен 18 жас аралығындағы дарынды балалар 20 күн бойы арнайы «жұлдызды үйде» бірге тұрады. Олар танымал сахна шеберлерінен вокал, актерлік өнер және хореография бойынша сабақ алып, кәсіби шеберліктерін шыңдайды.

«Он жыл бойы балаларды республикалық телевизиялық байқауға дайындап жүрміз. Біздің байқауымызлың ерекшелігі – бұнда балалар еліміздің түпкір түпкірінен келіп, Алматыда 20 күн бойы қала аралайды», –  деді фестивальдің музыкалық продюсері Бек Оралбеков.

Байқау 3 негізгі кезеңнен тұрады: мемлекеттік тілдегі туындылар, әлемдік хиттер және эстрада жұлдыздарымен бірге өнер көрсететін «Жұлдызды дуэт». Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба басталғалы 12 мыңнан астам өтінім түсіп, соның ішінен суырылып шыққан 50-ден астам бала халықаралық байқаулардың лауреаты атанған. Шығармашылық пен достықты ұштастырған ауқымды жобаның қорытындысы бойынша ең үздік өнерпаздар анықталып, отандық телеарналардың бірінен көрсетіледі.

 «Өзімнің негізгі мамандығым актер болғандықтан қатысушылардың өнерін бағалап отырамын. Әр қатысушы түрлі образда болады. Сөйлеу манері, дикциясына мән береміз», – деді қазылар алқасының мүшесі Рауан Бекбауов.

Оқи отырыңыз: «Абай академиясы» ақын мұрасын заманауи форматта насихаттау үшін 50-ге жуық видео әзірледі