Құрыш қолды келіншектер: темір иіп, ауыр техника басқарған әйелдер отбасын қалай асырап отыр

Зауытта жетпіске жуық адамның ішінде 10 келіншек жұмыс істейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сыр өңірінде соңғы жылдары құрылыс саласы серпін алып келеді. Қала жаңарып, елдімекендер еңсесін тіктеп жатыр. Құрылыс десе, көбіне ойымызға қара нардай жігіттер елестейді. Бірақ темірді иіп, арматура тоқып, он тоннадан асатын кранды дәлдікпен басқарып жүрген нәзік жандар да бар.

Almaty.tv тілшісі үйдің берекесін келтіріп қана қоймай, елдің еңсесін көтеріп жүрген құрыш қолды құрылысшы келіншектер туралы сыр шерпек.

Темірден түйін түйіп, арматура тоқу – сырт көзге оңай көрінгенімен, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұнда күшпен бірге ептілік, ширақтық, ең бастысы – шеберлік керек. Дәмегүл Тілепбайқызының құрылыс саласында жүргеніне он бес жылдан асыпты. Осы аралықта талай нысанның іргетасына үлесін қосты. Құрылысшы келіншектің өмірлік серігі де осы салада еңбек етеді.¤

  «Каркастар құрастырамыз. Бірінші мөлшерін алып, қиып аламыз, байлаймыз, бетон  құяды сосын. Өзіме ұнайды жұмысым. «Ауыр арматурамен жұмыс жасау қиын емес па?» деп сқрап жатады.  деп. Бізге қиын емес, каркас құру тігіншілік сияқты ғой», – деді құрылысшы Дәмегүл Тілепбайқызы.

Отыз бес жыл. Бұл – бір адамның құрылыстағы ғұмыры. Бағдагүл Нысанбаева мектеп бітіре салысымен Қазалыдағы темірбетон шығару зауытына жұмысқа орналасқан. Содан бері темірдің тілін түсініп, өндірістің ыстығы мен суығына шыңдалып келеді.

«Әргетас қазықтың артындағы торын дайындаймыз. Сосын оның өзін тоқимыз. Үйлердің төбесіне салатын плита болады ғой, соның торларын тоқимыз. Тек темірмен жұмыс істейміз. Қолымыз еркек адамның қолындай десек те болады, қанша дегенмен әйел адамбыз ғой, бірақ қолымыз қатайып қалған. Отбасымызды осы жұмыспен асырап отырмыз», – деді дәнекерлеуші Бағдагүл Нысанбаева.

Еңбектің қадірін білетін адам ғана оның салмағын түсінеді. Ал бұл зауытта сол салмақты күн сайын көтеріп жүрген тағы бір нәзік жан бар. «Краншы апа» аталып кеткен Мейрамкүл Жұмабекова зауытта отыз жылдан бері еңбек етеді. Ауыр техниканы дәлдікпен басқарып, тонналаған жүкті вагонға тиеу оңай емес. Оның айтуынша, ең бірінші қауіпсіздікке мән беру керек.

«Кран – қиын әрі жауапты жұмыс. 10 тонна одан да жоғары салмақты көтереміз. Әйел адамға ауыр болса да істеп жатырмыз. Үш қызымды асырап, бағып отырмын», – деді автокраншы Мейрамкүл Жұмабекова.

Зауытта жетпіске жуық адам еңбек етеді. Соның оннан астамы – қыз-келіншек. Олардың жаны нәзік болғанымен, жұмысы – нардың жүгіндей. Ерлермен иық тірестіріп, құрышты қолмен ұстап, құрылыстың қара жұмысын қайыспай атқарып жүр.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынын

Оқи отырыңыз: «Абай академиясы» ақын мұрасын заманауи форматта насихаттау үшін 50-ге жуық видео әзірледі