Бақылау күшейеді: Астанада автобустарға жаңа бейнекамера орнатылады

Жол ережесін бұзған жүргізушілер бейнетаспа арқылы анықталады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада автобус жүргізушілеріне бақылау күшейтіледі. Енді қауіпсіздікті арттыру мақсатында қоғамдық көліктерге жаңа бейнекамералар орнатылмақ. Бұл құрылғылар жүргізушінің әрекетін және жолаушылардың тәртібін бақылауға мүмкіндік береді. Таспаланған бейнематериалдар күн сайын тексеріліп, заң бұзғандар дереу анықталады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Былтырдан бері елордада автобустың қатысуымен 33 жол-көлік апаты тіркелген. Жаңа камералар осындай оқиғалар кезінде жүргізушінің әрекетін нақты анықтауға көмектеспек. Полиция департаментінің дерегінше, бейнебақылау арқылы қазірдің өзінде 50-ден астам жол ережесін бұзу фактісі анықталыпты. Жауаптылардың айтуынша, көп жағдайда жүргізушілер жол қозғалысын қадағалаудың орнына, телефонға қарап отырған.

«Бүгінде автопарктердегі қоғамдық көліктердің жартысынан көбі ішкі бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Таңертең рейске шығар алдында автобустардың техникалық жағдайы тексеріледі. Егер көліктің немесе камераның ақауы болса, ол автобус автопаркке қайтарылады және жолаушы тасымалдауға жіберілмейді. Егер жүргізуші жол қозғалысы ережесін бұзса, ол шақыртылып, автопарк басшылығына хабар беріледі. Бұзушылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынады», - деді Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің аға инспекторы Мақсат Имашов.

Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, апат тек автобус тарапынан емес, жолаушылар мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларының себебінен болады екен. Көбіне жеңіл көліктер автобустың алдын кесіп өтетін көрінеді. Мұның арты апатқа әкелуі мүмкін.

«Жеңіл көліктер біздің жағдайды түсінбейді, жол бермейді. Әлде бізден де бір қателік болып қала ма, білмеймін. Қалай болғанда да, біз асығамыз, бәрі уақытқа байланысты. Жолаушыларды дер кезінде жеткізуіміз керек. Кейбір көлік аялдамаға тоқтап, ұзақ тұрып алады, бұл да уақыттан ұтады. Ал біз ондайда көлік арасынан шыға алмаймыз, ыңғайсыз жағдайлар болады», - дейді автобус жүргізушісі Дастанбек Найманов.

«Жеңіл көлік көп, көбі тым дөрекі жүреді. Жолда келе жатсаң, алдыңды кесіп өтеді, кенеттен тоқтай қалады. Артқа қарап күліп, мазақ қылады. Ондайлар өте көп», - дейді автобус жүргізушісі Бауыржан Айтембек.

Осы ретте елорда тұрғындарының өздерін қоғамдық көлікте қаншалықты қауіпсіз сезінетінін сұрап көрдік.

«Көп жүргізуші жолда келе жатып телефон шұқылап отырады. Сөйлесіп жатады. Солар телефонын аз қолданса екен, бүкіл назарын жолға бөлсе деймін», - дейді қала тұрғыны Айман Күдекова.

«Шаршайтын шығар, мүмкін. Олар таңғы сағат 4.00-де тұрады, автобустарын түнгі сағат 00.00-01.00 кезінде әрең тапсырады. Содан кейін 2-3 сағат қана ұйықтайды», - дейді тағы бір тұрғын Бекжан Шатенов.

«Олар расымен шаршаңқы жүреді деп ойлаймын. Автобус жүргізушілерінің жұмыс кестесі тығыз. Оларға еш ернішім жоқ. Керісінше, кей адамдар барып ұрсысып, кедергі жасап жатады», - дейді келесі бір тұрғын Аружан Жеткергенова.

Ресми мәліметке сәйкес, Астанада қоғамдық көлік жүйесіне 8 автобус паркі қызмет көрсетеді. Күн сайын жолға 1225 автобус шығады. Алайда бұл салада жүргізуші тапшылығы өзекті мәселе. Қазір 2329 адам жұмыс істесе, әлі 1044 жүргізуші жетіспейді екен.

Мәди Бижан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Пультті бұғаттайды: Қазақстанда көлік ұрлығының жаңа түрі пайда болды

Новости партнеров