Барар жерім жоқ: Маңғыстау тұрғындары қауіпті жағдайда өмір сүріп жатыр
Инвесторлар да жаңа үй салып беруден бас тартыпты
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында апатты үйлер көбейіп барады. Әсіресе Маңғыстау ауылындағы баспаналардың қабырғасы сөгіліп, едені шөгіп барады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1988 жылы пайдалануға берілген көпқабатты үйге күрделі жөнделмеген. Бүгінде ғимараттың сыртқы қабырғалары тозып, шатырының сау-тамтығы қалмаған. Тұрғындардың айтуынша, жауын-шашын кезінде төбеден су сорғалап, күнделікті тұрмысқа қиындық туғызады. Қабырғалары сөгіліп, үйдің әбден ескіргені көзге көрініп тұр. Алайда сарапшылар бұл үйді апатты деп танымаған.
Маңғыстау ауылының тұрғыны Мұрат Қарабалаевтың айтуынша, 40 жыл болған қос қабатты үйдің құлау қаупі күн сайын артып, қорқыныш үдеп барады. Себебі қабырғасы сөгіліп, жел тұрса шатыры ұшып кетейін деп тұр. Кәріз жүйесінің де тозығы жеткен. Апатты баспананы тастап кетейін десе баратын жерім жоқ.
"Үйдің сырттын жөндеу керек. Кәріз желісін сорғызбаса, су ішке қарай ағады. Қыста іші салқын, жан-жақтан жел соғады", - деді ауыл тұрғыны Мұрат Қарабалаев.
"Мына үйде тұрғым келмейді ал. Себебі астының бәрі тесіліп жатыр. Бар болғаны 8 отбасы. Баспана беруін талап етемән", - деді ауыл тұрғыны Орынбибі Сәуірбаева.
Ауыл әкімі Асқар Тәжібаев тозған үйдің апатты екенін дәлелдеу үшін сараптама жасатқан. Алайда сарапшылар баспананы ескі деп қана бағалапты. Тым болмаса үйдің шатырын жөндеу үшін бюджеттік өтінім беріпті. Алайда ол да қолдау таппаған.
"Сараптама жүргізілді. Апатты деп танылады деп ойлағанбыз. Бізге тозығы жеткен деп сараптама қорытындысы шықты. Әрі қарай біздің тарапымыздан инвестор шақырту керек. Инвестор арқылы жаңадан дом салдыру қажет. Апаттық деп танылмағандықтан басқа тетік болмай тұр", - деді Маңғыстау ауылының әкімі Асқар Тәжібаев.
Инвесторлар да жаңа үй салып беруден бас тартыпты. Себебі, шығын ақталмайды.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешуге бағытталған «Реновация» бағдарламасы басталды. Бірақ Маңғыстау ауылындағы бұл баспананың апатты екені дәлелденбесе, аталған бағдарламадан қайыр жоқ.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысынан
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында ұлттық парк аумағынан 12 қарағай қазып алған адам ұсталды