Бостандық ауданында жаңа форматтағы жәрмеңке қашан ашылады

Жоба Алматының дизайн-кодына сәйкес бірыңғай архитектуралық стильде жүзеге асырылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Бостандық ауданында жақын арада жаңа форматтағы алғашқы жәрмеңке ашылады. Қазір нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары мен аумақты абаттандыру ісі аяқталуға жақын. «Қазақфильм» шағынауданында бой көтеретін жаңа жәрмеңке 100-ден астам сауда орнына есептелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жоба Алматының дизайн-кодына сәйкес бірыңғай архитектуралық стильде жүзеге асырылады. Мұнда жабық және ашық сауда павильондары, санитарлық тораптар, автотұрақ, қоғамдық көлік аялдамасы, тамақтану орындары мен абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер қарастырылған.

«Жаңартылған сауда алаңы жалпы 120 сауда орнына есептелген. Мұнда 3 аймақ қарастырылған. Ашық, жабық және фудкорт. Жабық сауда аймағы күн сайын жұмыс істейді. Ал қазіргі тұрған ашық алаң бұрынғыдай сенбі және жексенбі күндері келушілерге қызмет көрсетеді. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Жәрмеңкенің ресми ашылуы тамыз айының соңына жоспарланып отыр», – деді  «Алматы» ӘКК» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Темірлан Нихамбаев.¤

Айта кетейік, демалыс күнгі жәрмеңкелерде тұрғындарға шаһар бойынша жалпы 480 тоннаға дейін өнім сату жоспарланып отыр. Сауда орындарында Алматы қаласы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 318 фермер мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімі ұсынылады. Ассортиментте көкөніс пен жемістен бөлек, ет, сүт, жұмыртқа, бал, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер бар. Жалпы жәрмеңкелерде мыңнан астам тауар түрі сатылады. Өнімдердің делдалсыз тікелей өндірушілерден жеткізілуі бағаны қолжетімді деңгейде ұстауға мүмкіндік бермек.

«Қарбыздар Алматы облысы Іле ауданынан, Алатау қаласынан келеді. Суармалы желілеріміз бар. Модернизация болып жатыр, рақмет. Тамыздың аяғында көшеміз, ол жерде  қыста жылы, жазда салқын, өнімдерді сақтау үшін де ыңғайлы. Адамдар үшін келген көлігіні арнайы тұрақ қарастырылған», – деді сатушы Нұржан Рыскелдинов.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдау қалай жүзеге асуда