Бүгін – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толды

 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін, яғни 30 тамыз - Қазақстан Республикасы Конституциясы күні. Ата заң 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдумда қабылданды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.   

1995 жылғы 30 тамыз күні бүкілхалықтық референдумда Қазақстанның қолданыстағы Конституциясы қабылданды.

Конституцияның бірінші бабында Қазақстан Республикасы адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын өзінің ең қымбат қазынасы деп жариялайды. 

Ата заң – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Конституция 9 тарау, 98 баптан тұрады. 

Қазақстан Республикасының азаматтарына нәсіліне, ұлтына, жынысына, тіліне, әлеуметтік, мүліктік және лауазымдық жағдайына, әлеуметтік шығу тегіне, тұрғылықты жеріне, дінге көзқарасына, нанымына, қоғамдық бірлестікке мүшелігіне, сондай-ақ бұрын келтірілген қылмыстық жазаға қарамастан, құқықтар мен бостандықтардың теңдігіне кепілдік беріледі. Азаматтарды қорлаудың кез-келген түріне тыйым салынады.

Қазақстан жерінде тұратын әрбір адам еліміздің Негізгі заңын құрметтеп, сақтауы тиіс. Қазақстанның әрбір тұрғыны әділдікке, заңдылыққа, теңдікке және өзінің болашағына сенімді болуға тиіс. Қоғам мен мемлекет дамуының базалық қағидаттары, адамның, азаматтың және мемлекеттік билік субъектісінің кепілдіктері, құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Конституциясында нақты бекітілген. Оларды сапалы және тиімді іске асыру мемлекет пен қоғамның маңызды міндеті болып табылады, өйткені ол Қазақстан халқының дамуы мен тұрақтылығына, әл-ауқатының артуына ықпал етеді.

Айта кетейік, Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрады. 1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынған.

Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы – оның мазмұнының сапасында. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. 1995 жылы қабылданған Конституцияға әр жылдары бірқатар өзгеріс енгізілген. Конституциялық қағидаларды берік ұстану заңдардың қызмет аясын кеңейтіп, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның үдемелі дамуына жол ашты.

Дереккөз: БАҚ беттері

Оқи отырыңыз: Конституцияның 30 жылдығы: Қазақстанда мерейтойлық медаль бекітілді

Новости партнеров