Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлаудың алдын ала қорытындыларын жариялады
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелерін ұсынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Дауыс беру қорытындылары, партиялардың жинаған дауыстары және аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларымен ҚР ОСК ресми порталында танысуға болады.
«Сайлау процесінің барлық кезеңдерінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың сайлау құқықтарын толық жүзеге асыруына қажетті жағдай жасауға баса мән берілді. Сайлау туралы конституциялық заңның нормаларына сәйкес Құрылтай сайлауының қорытындылары Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау өткізілген күннен бастап 10 күннен кешіктірілмейтін мерзімде белгіленеді және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, дауыс беру күні 51 мыңнан астам байқаушы процесті бақылап отырған. Оның ішінде кандидаттар мен саяси партиялардың 7 мың 300 сенім білдірген өкілі, саяси партиялардан 24 879 және 182 қоғамдық бірлестіктен 26 887 маман болған. Сондай-ақ сайлауға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 777 байқаушы қатысыпты.
Соның бірі – ТМД байқаушылар миссиясының басшысы Игорь Петришенко дауыс беру әділ, бәсекелі және ашық болды деп мәлімдеді. Оның сөзінше, миссия өкілдері 14 өңірдегі 900-ден астам учаскеге барған. Сондай-ақ шетелдегі дауыс беру орындарында да бақылау жүргізген. Олар учаскелер уақытында ашылып, дауыс беру ұйымдасқан түрде, тыныш өткенін хабарлаған.
«ТМД байқаушылар миссиясы 2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде, Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына толық сәйкес өткізілді деген қорытындыға келді. Сайлау әділ, бәсекелі және ашық болды. Қазақстан Республикасы азаматтарының өз еркін еркін білдіру құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік берді», – деді ТМД байқаушылар миссиясының басшысы Игорь Петришенко.