CҚО-да жылыту маусымына дайындық қалай жүріп жатыр

Қала билігі жылыту маусымына дейін жөндеу жұмыстарын толық аяқтайтынын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Cолтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Петропавл қаласында мамандар тұрғын үйлердегі желілер мен көшелердегі ақауы бар жылу трассаларының жай-күйін тексеріп жатыр. Ал ТЭЦ-2-дегі негізгі құрылғының жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл жаңа үйдің жылу жүйесі нағыз сынақтың алдында тұр. Қақаған аязда сыр бермес үшін мамандар толық тексерістен өткізіп жатыр. Құбырдағы ауаны шығарып, жуып-шайып, тазалауда. Ақау бар жерлер бірден қалыпқа келтіріліп жатыр.

«Біз жеті үйге қызмет көрсетіп жатырмыз. Жылыту жүйесінен бөлек, баспаналардың шатырын да тексеріп жүрміз. Көктемде үстінен су сорғалап тұрмас үшін. 5 үй толықтай тексерістен өтті. Құжаттары дайын», – деді қызмет көрсететін мекеменің жетекшісі Тимур Жетпісов.

 Мұндай жұмыстар қаланың барлық жерінде жүргізіліп жатыр. Орталық жылыту жүйесіне 1200 көпқабатты үй қосылған. Оның мыңнан астамы қысқа дайын.

«Негізінен үйлердегі құбырлардың жағдайын тексеріп жатырмыз. Жуып, тазалау жұмыстары жүруде. Жылыту маусымына мыңнан астам үй дайын», – деді ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Бердімұрат Баймұқанұлы.

 Алайда қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі – көшедегі жылыту трассаларының жағдайы. Оның 80 пайызы ескірген. Сондықтан бірінші кезекте әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жылу жеткізетін құбырлар жаңартылып жатыр. Мақсат – апаттың алдын алу.

ТЭЦ-2-де қолға алынған шаруалар да қарқынды жүруде. Мұндағы негізгі құрылғыларды жөндеуге 20 миллиард теңге бөлінген. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін орталықтағы қазандықтардың жұмысы да аяқталуға жақын.

«Жылыту маусымын сәтті бастауымыз үшін 5 қазандық пен 5 турбиналы агрегат жеткілікті. Ал бізде ол кезде 8 қазандық пен 6 турбиналы агрегат дайын болады. 30 қыркүйекке дейін тағы екі қазандықты қалыпқа келтіріп қоямыз», – деді ТЭЦ-2 директоры Дмитрий Захаров.

  Қала билігі жылыту маусымына дейін жөндеу жұмыстарын толық аяқтайтынын айтты. Тіпті отынды да артығымен алып қойған.

Асыл Махметов, Пётр Акутионов, СҚО

Оқи отырыңыз: Астаналықтарды алаңдатқан белгісіз вирус: Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеме жасады