Депутат Қазақстан тарихын әлеуметтік желіде заманауи форматта насихаттауды ұсынды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Шолпан Каринова еліміз тарихын TikTok пен Instagram-да кеңінен насихаттау қажет екенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан тарихына қатысты контентті әлеуметтік желілерде заманауи әрі түсінікті форматта ұсыну қажет. Бұл туралы Құрылтай депутаты Шолпан Каринова Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv

Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда тарихи сана тек оқулықтар мен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың ықпалы артып, әсіресе жастар Қазақстан тарихы туралы ақпаратты TikTok, Instagram және YouTube желілерінен көп алады.

«Бүгінде тарихи сана тек оқулық пен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Әлеуметтік желі мен цифрлық платформаның ықпалы артып келеді. Әсіресе жастар TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформалардан ақпаратты көп алады. Сондықтан Қазақстан тарихы туралы қандай ақпарат тарайды, оның дереккөзі қандай және ол қоғамға қалай жеткізіледі деген сұрақтың маңызы артып келеді», – деді Шолпан Каринова.

Депутат әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді және бұрмаланған ақпараттың тез таралатынына назар аударды. Оның айтуынша, мұндай мәліметтерге дер кезінде кәсіби жауап беріп, қоғамға нақты әрі сенімді дерек ұсынатын жүйелі тетік қажет.

Каринова ақпараттық саясат тек мемлекеттік бастамаларды жариялаумен шектелмеуі керек екенін атап өтті. Оның пікірінше, азаматтарға елде жүзеге асып жатқан өзгерістердің мақсаты мен нәтижесін түсінікті тілде жеткізу де маңызды.

«Мәселе жұмыстың жоқтығында емес. Мәселе – оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде. Сондықтан ақпаратты жай жариялау жеткіліксіз. Оны түсіндіру де маңызды. Азаматқа реформаның мақсатын, оның нәтижесін және қоғамға әсерін түсіндіретін журналистика қажет», – деді депутат.

Осыған байланысты Шолпан Каринова ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындауды ұсынды. Сонымен қатар Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру қажет екенін айтты.

Депутат тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдауды, сондай-ақ TikTok, Instagram және YouTube платформаларында Қазақстан тарихын заманауи әрі түсінікті форматта насихаттайтын жобаларды іске асыруды ұсынды.

Сондай-ақ тарихи тақырыптағы жалған және бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыру ұсынылды.

Депутаттың айтуынша, бүгінгі ақпараттың мазмұны ертеңгі қоғамдық көзқарасқа әсер етеді. Сондықтан тарихи контенттің сапасы мен оны қоғамға жеткізу тәсіліне жүйелі түрде мән беру қажет.

Оқи отырыңыз: Ғылымға бөлінген 260 млрд теңге: депутат қаржының қайтарымын бағалауды ұсынды