Депутат такси нарығын «көлеңкеден» шығаруды ұсынды

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Қазір барлық платформалық қызмет такси жүргізушілерінің нақты деректерін ұсына алмай отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда такси саласында 500 мыңнан астам адам еңбек етеді, алайда бұл нарық әлі күнге дейін жеткілікті деңгейде реттелмей отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев өзінің депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қазір барлық платформалық қызмет такси жүргізушілерінің нақты деректерін ұсына алмай отыр, бұл заманауи цифрлық қоғамда ақылға қонымсыз жағдай. Сөйте тұра, олар жыл сайын 150 миллионнан астам сапар орындайды. 

Депутат заңнамада әлі де кеңестік кезеңнен қалған ұғымдар қолданылып келе жатқанын атап өтті, бұл Яндекс, Индрайвер, Апару және басқа да агрегаторлардың негізгі процестерін айқын көрсетпейді.

— Негізінен олардың қызметі «көлеңкелі аймақта» қалып отыр. Жауапкершілік, қауіпсіздік стандарттары, алгоритмдердің ашықтығы, сақтандыру, жолаушылар мен жүргізушілердің құқықтарын қорғау мәселелері құқықтық алаңнан тыс қалып отыр. «Такси жүргізушісі» ұғымының нақты анықтамасы жоқ. Жүргізуші, таксопарк және агрегатор арасындағы жауапкершілік, құқықтар мен міндеттер нақты бөлінбеген, бұл такси жүргізушілерінің әлеуметтік тұрғыдан қорғалмауына әкеліп соғады. Такси жүргізушілерінің күнделікті медициналық тексеруден өтуі туралы талап формалды сипатта және іс жүзінде орындалмайды. Сапарлар сақтандырылмайтындықтан, жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетіні түсініксіз, — деді Елнұр Бейсенбаев.

Сонымен бірге, такси жүргізушілерінде жүргізуші куәлігінің бар-жоғы, көліктің техникалық байқаудан өтуі және техникалық паспорты туралы мәліметтердің шынайылығы тексерілмейді.

— Салдарынан тапсырыстарды орындауға жүргізуші куәлігі жоқ адамдар да жіберілуі мүмкін, ал ең қауіптісі — қалааралық тас жолдарда жоғары жылдамдықпен жүйткіп жүрген оң рульді көліктер. Кейбір агрегаторлар сапардың нақты құны туралы ақпарат бермейді. Қолма-қол ақшасыз төлем жасау мүмкіндігі жоқ. Қолда бар технологиялық мүмкіндіктерге қарамастан, агрегаторлар көліктердің жылдамдығын, қозғалысын бақыламайды, маршруттан ауытқуды мониторинг жасамайды, бұл да жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді, — дейді депутат.

Сондай-ақ депутат кейбір агрегаторлардың қосымшаларында жедел қызметтерді шақыру жүйесі мен клиентпен тәулік бойы байланыс орнататын қолдау қызметі жоқ екеніне ерекше назар аударды. Осыған байланысты мәжілісмен мынадай шешімдерді қабылдауды қажет деп санайды:

  • Қайталануды болдырмау үшін ақпараттық-диспетчерлік қызмет пен цифрлық сервистердің функцияларын нақты ажырату.
  • «Такси жүргізушісі» ұғымын заң жүзінде бекітіп, олардың мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін айқындау. Такси жүргізушілерін тапсырысты үшінші тұлғаларға бермей, жеке өзі орындауға, сондай-ақ ең төменгі санитарлық талаптарды сақтауға міндеттеу.
  • Формалды күнделікті тексерулердің орнына міндетті тұрақты медициналық тексеру енгізу. Медициналық бақылауды Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы автоматтандыру.
  • Агрегаторларды әрбір сапар бойынша жолаушылар мен жүргізушілердің өмірі мен денсаулығын сақтандыруды қамтамасыз етуге міндеттеу. 
  • Жолаушыларды сапардың нақты құны туралы хабардар ету, жылдамдықты, қозғалысты, маршруттан ауытқуды бақылау, жүргізуші мен көлік туралы деректердің мемлекеттік дерекқорлар арқылы сәйкестігін тексеру. 

Оқи отырыңыз: Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау: мәжілісмендер арасында қандай дау туындады

Новости партнеров