Еліміздің әр өңірінде Құрылтай сайлауына қатысушы партиялардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр
Еліміздің әр өңірінде Құрылтай сайлауына қатысушы партиялардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Саяси ұйым өкілдері түрлі сала мамандары және тұрғындармен кездесіп, өз бағдарламаларын таныстырып, халықтың ұсыныс-тілектерін тыңдауда, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Астанада «Әділет» партиясы тұрғын үй қорын басқару мәселелеріне арналған республикалық диалог алаңын ұйымдастырды. Басқосуға өңірлерден келген Мүлік иелері бірлестігі мен Пәтер иелері кооперативінің төрағалары, басқарушы ұйым өкілдері және салалық сарапшылар қатысты. Тұрғын үйлердегі инженерлік желілердің жай-күйі, күрделі жөндеу, құрылыс сапасы және саланы цифрландыру мәселелері ортаға салынды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет деп бірнеше рет атап өткен. Қалалар мен ауылдардың көркеюі, саябақтардың гүлденуі, аулалар мен кіреберістердің таза әрі ұқыпты болуы – ең алдымен өзіміз үшін маңызды. Президентіміз коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, осы саладағы барлық тараптың жауапкершілігін арттыру міндетін қойып отыр. «Әділет» партиясы бұл бағытты да толық қолдайды. Біз үшін реформаларды қолдайтынымызды айтып қою ғана жеткіліксіз. Біздің мақсатымыз –халықпен бірге нақты нәтижеге жету», – деді «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай.
Жалпыұлттық-социал демократиялық партиясының өкілдері де Атырауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өкілдерімен кездесті. «Жайлы аула – қауіпсіз қала» тақырыбында өткен жиында шаһарды абаттандыру, аулалардың жағдайын жақсарту және тұрғындардың қауіпсіздігі мәселелері қозғалды. Ал партияның Петропавлда ұйымдастырған жиынында халық жер, экология, жол және интернет алаяқтығына қатысты түйткілдерді көтерді. Үміткерлер әрбір өтініш бойынша құқықтық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«Бізге келген тұрғындар сан алуан мәселе көтерді. Оның басым бөлігі жер үлесі, экология, жол инфрақұрылымы, интернет алаяқтығына байланысты. Мамандар әр шағым бойынша құқықтық кеңес беріп, мүмкіндігіне қарай шешуге тырысады. Бұл жұмыс тұрақты түрде жалғасын табады», – деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы филиалының төрағасы Александр Павлов.
Ал «Байтақ» партиясының мүшелері Алматыдағы индустриялық аймақта болып, 15 кәсіпорынның басшылары мен бас инженерлерімен кездесті. Басқосуда экологиялық қауіпсіздік пен жасыл экономикаға көшу мәселелері талқыланды. Дөңгелек, қалдықтарды сұрыптаумен, балық өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ партия мүшелері Астанада «Жасыл аймақ» ұйымының қызметкерлерімен кездесті. Онда қаладағы көгалдандыру, абаттандыру, су тапшылығы және табиғи ресурстарды сақтау мәселелері сөз болды.
«Бүгінгі жиынның мен үшін маңызы зор. Себебі мұнда экологиялық түйткілдерге бей-жай қарамайтын азаматтар жиналды. Мен өз баяндамамда қазіргі ғаламдық экологиялық ахуалдың қаншалықты қиын екенін түсіндіруге тырыстым. Бұл тек сөз жүзінде ғана көтеріп, қоя салатын дүние емес. Ғалымдар 2030 жылға қарай су тапшылығы болады деп болжап отыр. Бұл – алаңдатарлық тақырып. Сондықтан бұл істе бірігіп әрекет ету маңызды. Өйткені табиғат, су, жер – кейінгі ұрпаққа қалдыратын ең маңызды құндылығымыз», – деді «Байтақ» партиясы қалалық филиалының төрағасы Нариман Баубек.
Қазақстан халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Алматы облысындағы еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, қарапайым жұмысшылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Мұнымен қоса, олар Қостанайдағы зейнеткерлермен де пікір алмасты. Кездесуде ауылдағы медицина мамандарының тапшылығы, шағын мектептердің жағдайы және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі талқыланды. Партия өкілдері бұл мәселелерді заңнамалық тұрғыдан шешу қажет екенін айтты.
«Ауыл тұрғындары шағын мектептер, онда оқитын балалардың жағдайы, елдімекендерде медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі сияқты мәселені жиі көтереді. Осыларды нақты шешу үшін заңға өзгерістер енгізу керек. Дұрыс жүйеленіп, қабылданған заң арқылы ғана бұл мәселелерді жөнге келтіруге болады», – деді Қазақстан халық партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидат Нұржан Биякаев.
«Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Солтүстік Қазақстан облысындағы шаруашылық ұжымымен кездесті. Партия өкілдері қала мен ауылды бірдей дамыту, өңірлер арасындағы алшақтықты азайту және адамның тұрғылықты жеріне қарамастан өмір сүруіне, еңбек етуіне әрі өз мүмкіндігін жүзеге асыруына тең жағдай жасау жайында айтты. Сонымен қатар саяси ұйым өкілдері Ақмола облысының Сандықтау ауданында болып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Олар жылқы және қара мал өсіріп, егін егумен айналысатын ірі шаруашылық ұжымдарымен жүздесті. Кездесуде ауыл тұрмысының сапасын арттыру, мал шаруашылығын дамыту, мемлекеттік қолдау сияқты өзекті мәселелер қозғалды.
«Халық әлеуметтік мәселені көп көтереді. Ауылдарда мектеп жабылып қалып жатыр. Адам көшіп кетіп, бала санын жетпегесін, мектеп те жабылды, толғандыратын жағдай. Бірігіп адамдарғаға жұмыс орнын тауып беру керек», – деді «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Серік Егізбаев.
«Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткерлер Астанадағы №3 автобус паркінің ұжымымен кездесті. Жиында саяси ұйым сайлауалды бағдарламасын таныстырып, қатысушылармен тұрғын үй саясаты, жас отбасыларды қолдау, шағын және орта бизнеске жағдай жасау мәселесін талқылады. Ал Шымкентте медицина саласының мамандарымен жүздесті. №1 қалалық клиникалық аурухана қызметкерлері партия өкілдеріне өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтып, өзекті деген сұрақтарын қойды. Кандидаттар бағдарламаларын кеңінен түсіндіріп, жадынама материалдарын таратты. Кадр тапшылығы, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру жайы сөз болды.
«Партиямыздың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен таныстырып, сайлаушыларымыздың алдында сұрақтарына жауап бердік. «Ақ жол» демократиялық партиясының Шымкент қалалық филиалы одан әрі үгіт-насихат жұмысын жалғастырады», – деді «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидат Бақдәулет Мәлімов.
Петропавл қаласында RESPUBLICA партиясының мүшелері өңірдің белсенді жастарымен кездесу өткізді. Жиын барысында Құрылтай депутаттығына кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту, тың бизнес идеяларды жүзеге асыру, экономикалық өсім, жұмыспен қамту мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар партия өкілдері қаладағы ірі кәсіпорындарды аралап, қарапайым жұмысшылармен жүздесті. Өндіріс басында еңбек қарым-қатынастары, тегін медициналық көмек алу және халықты әлеуметтік қорғау сұрақтары қаузалды.
«Еліміздің барлық аймағын аралап келеміз. Ең соңында Астанамыз ғана қалды. Әр елдімекенге барған сайын әртүрлі азаматтардан өтініш түсіп жатыр. Шынымен де, халықпен тікелей кездескен кезде қандай проблеманың қордаланып қалғанын түсінесіз. Көбінесе зейнетақыға, денсаулық сақтау мәселесіне қатысты сұрақ көп болды», – деді RESPUBLICA партиясы атынан Құрылтай депутаттағына кандидат Нұргүл Тау.
Айта кетейік, Құрылтайдағы 145 депутаттық мандатқа жеті саяси партиядан 545 кандидат үміткер болып отыр. Олар 1 ай бойы өңірлерде кездесу шараларын өткізіп, өз бағдарламасын таныстырды.
Диана Тұрлыбек
Оқи отырыңыз: Бұл – жарқын болашақтың кепілі: сарапшылар сайлауға бейжай қарамауға шақырды