Елдің болашағына тікелей әсер етеді: сарапшылар Құрылтай сайлауының маңызын түсіндірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алдағы саяси науқанға қатысты қоғамда пікір алмасу жалғасып жатыр. Сарапшылар Құрылтай құрамына қоғамның әртүрлі саласында тәжірибесі бар, халықтың мәселесін жақсы білетін азаматтар сайланғаны маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі

Олардың айтуынша, заң шығару ісіне қатысатын өкілдерді іріктеу – елдің ертеңіне әсер ететін жауапты қадам. Сондықтан сайлаушылар әрбір үміткердің ұсынған бағдарламасы мен бастамасына жіті назар салып, өз таңдауын саналы түрде жасауы қажет. Бұл – қоғамның саяси мәдениеті мен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрсеткіші.

«Екі палаталы парламент құрылымы өзгеріп, бір палаталы Құрылтай болып құрылып жатыр. Ол – еліміздің болашағы үшін маңызды қадам. Құрылтайдың бірінші құрамын таңдау – өзіміздің азаматтық борышымызды көрсету,  азаматтық позициямызды таңдау. Бұл құрылым – заң шығарушы және жоғары өкілді орган. Сондықтан еліміздің болашағына тікелей әсер ететін болғандықтан сайлауға жастарды қатысуы маңызды», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі Нұрислам Қасымбек

«Құрылтай құрамына қоғамның әртүрлі саласында тәжірибесі бар, халықтың мәселесін жақсы білетін азаматтар сайланғаны маңызды. Себебі елдегі өзекті түйткілдерді көтеріп, оларды шешуге бастамашы болатын да халықтың сеніміне ие болған өкілдер. Сондықтан саяси ұйымдар жұртшылықтың сұранысына сай нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет деп ойлаймын. Құрылтай  елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды институттардың бірі. Оның құрамында түрлі көзқарастағы, әр саланың өкілдері болғаны дұрыс. Бұл қабылданатын шешімдердің жан-жақты қаралуына мүмкіндік береді», – деді Satbayev university ғылыми кітапханасының меңгерушісі Айнагүл Құсайынова.

Оқи отырыңыз: Сайлаушылардың белсенділігі неге байланысты - сарапшылар пікірі