Еліміздегі коммуналдық желілерді жаңғыртуға 13 триллион теңге бөлінеді

Кәріз инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында елімізде 45 жоба іске асырылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде коммуналдық желілердің тозуы 2029 жылға қарай 40 пайыз төмендейді. Бұл мақсатқа жалпы көлемі 13 триллион теңге инвестиция тартылмақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі

Жоспарға сәйкес, бөлінетін қаражат есебінен 84 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады. Сонымен қатар жалпы қуаты 7 мың 309 мегаватт болатын жаңа энергетикалық нысандар іске қосылмақ. Кешенді жобалардың нәтижесінде тәуекелі жоғары дағдарыстық аймақта тұрған 70 коммуналдық кәсіпорынды тұрақты жұмыс деңгейіне шығару жоспарланып отыр. Бұл мәселелер Үкімет отырысында кеңінен талқыланды. ¤

Қазақстанда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары күшейтіледі. Үкімет алдағы үш жылда коммуналдық желілердің тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендетуді мақсат етіп отыр. Ұлттық жобадағы негізгі бағыттардың бірі – энергетика саласын дамыту. Осы мақсатта 2029 жылға дейін жалпы құны 6,2 триллион теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылады. Нәтижесінде жаңа электр энергиясын өндіру көздері іске қосылады.

«7,3 ГВт жаңа генерация көздерін іске қосу, оның ішінде қолданыстағы қуаттарды алмастыруға бағытталған жобалар көзделген. Ұлттық жоба шеңберінде жаңа қуаттардың өсімі 6 484 МВт-ты, ал қолда бар қуаттарды алмастыру көлемі қазірдің өзінде 825 МВт-ты құрайды. 2026 жылы Ұлттық жоба шеңберінде шамамен 2 418 МВт қуатты іске қосу жоспарлануда», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.¤

Сонымен қатар кәріз инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында елімізде 45 жоба іске асырылатыны айтылды. Себебі қазір елдегі кәріз-тазарту құрылыстарының басым бөлігі 50 жыл бұрын салынған, олардың тозу деңгейі 65 пайыздан асып кеткен. Жауаптылардың айтуынша, бұл жағдай экологиялық ахуал мен санитариялық қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Ең бастысы, аталған жобаларды жүзеге асыру барысында отандық өнімдер мен құрылыс материалдарын қолдануға басымдық беріледі.

«Ұлттық жоба аясында отандық тауар өндірушілерді қолдау жүйелі түрде ұйымдастырылған. Біріншіден, заңнама мен Ұлттық жобаның өзінде қазақстандық өнімге басымдық беру қағидаты бекітілген. Екіншіден, сатып алуға Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген өндірушілер ғана қатыса алады», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

 Өз кезегінде Үкімет басшысы Олжас Бектенов Энергетика мен коммуналдық секторларды жаңғырту жобасы Президенттің бақылауында деді.

«Ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті нормативтік құқықтық база толықтай қабылданды, инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктері айқындалды. Өңірлерде ауқымды жөндеу жұмыстары басталды. Белгіленген нысаналы көрсеткіштерге уақтылы қол жеткізу үшін инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын сақтап қана қоймай, одан әрі арттыра түсу қажет», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Жиын соңында Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне инфрақұрылымдық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптаманы жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімдіктеріне екі апта ішінде биыл жүзеге асырылатын жобалар бойынша тиісті шаралар қабылдауды міндеттеді.

Мәди Бижан, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер: Жамбыл облысында 28 әлеуметтік нысан салынып жатыр