Алматыда жаздың соңғы айы өрт қаупі ең жоғары кезең саналады
Орман өртіне көбіне табиғи құбылыс емес, адам абайсыздығы себеп. Мамандардың мәліметінше, қызыл жалынның 90 пайызы тұрғындардың жауапсыз әрекетінен тұтанады. Бұл туралы «Қазәуеорманқорғау» авиациялық бөлімшесінің басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бекзат Байшаловтың айтуынша, тілсіз жау көп жағдайда қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан шығады. Ал қазір Алматы мен Алматы облысы аумағында өрт қаупі өршіп тұр.
Өсімдік қурап, шөп сарғайып, жапырақ түседі. Алматыда жаздың соңғы айы өрт қаупі ең жоғары кезең саналады. Сол себепті Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына 15 бейнебақылау камерасы орнатылып, тілсіз жаумен күресетін 32 адамнан тұратын арнайы жасақ құрылған. Мамандардың айтуынша, дәл осы мезгіл – орманшылардың қырағылығы сыналып, жұмысы қызатын шақ.
«Жаз айлары – еліміз бойынша демалыстың қызған шағы. Табиғатты тамашалап, таза ауамен демалуға келушілер Ұлттық парк аумағында бірнеше есеге артады. Оман шаруашылығы саласының мамандары үшін жаз айлары демалыс емес, керсінше жауапкершілігі артатын уақыт болып саналады», – деді Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бөлімінің Басшысы Райхан Мұхамеджанова.
Ал жыл басынан бері «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бірде-бір орман өрті мен ағашты заңсыз кесу дерегі тіркелмеген. Аумақта тыныштықтың сақталуына мемлекеттік инспекторлар жүргізген 105 бірлескен рейд ықпал еткен. Мамандардың айтуынша, жүйелі бақылау мен үздіксіз күзет орманды тілсіз жаудан қорғауға мүмкіндік беріп отыр.
«Бүгінгі ұлттық парк қажетті өрт сөндіру техникасымен және арнайы құрал жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда мекемеде 2 орман өртін сөндіру автокөлігі, екі тіркемелі доңғалақты трактор қажетті жанар-жағармаймен және 127 дана радио байланыс құралдарымен және мотопомпо 10/500 шатырлы, 53 балта және бензин, жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген», – деді «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының міндетін уақытша атқарушы Мақсат Әлімқұлов.
Ал Алматы облысындағы «Шарын» ұлттық паркі де өрт қаупі жоғары маусымға сақадай сай. Табиғи аумақ қажетті техника және арнайы жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ал «Іле-Балқаш» резерватында тілсіз жаудың жолын кесу үшін 300 гектар жерде өртке қарсы қорғаныс жолағы дайындалған.
Мәди Мәлік. Ялкунжан Әшімжанұлы
Оқи отырыңыз: Еліміздегі коммуналдық желілерді жаңғыртуға 13 триллион теңге бөлінеді