Елордалық 10 мыңнан астам оқушы бір уақытта мемлекеттік әнұранды орындады

«Менің рәміздерім – менің мақтанышым!» атты акциясы өтіп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Бұл іс-шара рәміздер күніне арналды. Астанада «Менің рәміздерім – менің мақтанышым!» атты акция аясында 500-ден астам патриоттық іс-шара өткізу көзделіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекеттік рәміздер күніне орай елордада кең көлемде патриоттық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі жазғы лагерьде жүрген бүлдіршіндердің қатысуымен өтті. Елордалық 10 мыңнан астам оқушы бір уақытта мемлекеттік әнұранымызды шырқады. Оған қаладағы 92 мектеп пен 13 қосымша білім беру мекемелері атсалысқан.

 «Қазақстан Республикасының рәміздер күні құтты болсын! Көк ту түстес кидік», – деді оқушы Сезім Сейділдә.

Ұйымдастырушылар бұл іс-шара жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, ұлтымыздың асыл мұрасын бойына сіңіруде ерекше үлес қосатынын айтты.

 «Қазақ елі, Мемлекет үшін  маңызды күн – рәміздер мерекесі. Өзі еліміздің тұғырын, еркіндігін көрсететін мереке деп айта аламын. Іс-шарамыз оқушылардың бойына отанға деген патриоттық сезімін оятуға ықпал етеді деп ойлаймын», – деді Қ. Мұхамедханов атындағы №90 гимназияның директоры Гүлжанат Әбдіраманова.  

Рәміздер күніне арналған іс-шаралар легін Спидкубинг федерациясы жалғады. Жастар рубик текшелерін пайдалана отырып, тәуелсіз Қазақстанның символына айналған елтаңбаның дәлме-дәл, пиксельді бейнесін әзірледі. Оны құрастырып шығуға 10 сағат және 3 мыңға жуық рубик текше қажет болды. Ұйымның жетекшісі Әлихан Ертұрсынның айтуынша, жоба аса жоғары зейін мен команданың үйлесімді жұмыс істеуін талап етеді.

 «Ұлттық рәміздер күніне орай 3 мың рубик текшесінен Қазақстанның елтаңбасын жинаймыз. Мені қоса санағанда 6 бала құрастырып жатыр. Ең алдымен суретті дайындаймыз, оны бағдарламаға жүктейміз. Пиксельге сурет салады, содан кейін оны блоктарға бөледі, сәйкесінше, ең қиын жұмыс - панельдің өзін дайындап, суретті физикалық түрде жинау. Рубик текшесін жинауға орта есеппен 15 секунд кетеді, – деді Kazakhstan speedcubing federation президенті Әлихан Ертұрсын.

«Туымыз төрімізде» патриоттық акциясы аясында қала көшелеріндегі ғимараттар мен тұрғын үйлердің балкондарына 400-ден астам мемлекеттік ту ілінген. Мерекелік атмосфераны сыйлау үшін орталық саябақтар мен қоғамдық орындарда тұрғындарға 5 мыңға жуық мемлекеттік ту таратылу көзделіпті. Сондай-ақ көшелерде кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарға мемлекеттік рәміздер туралы сұрақтар қойылып, түрлі викториналық ойындар ойнатылып жатыр.

«Әнұранның авторы Ж. Нәжмеденов, Ш. Қалдаяқов, Н. Назарбаев. Ал, Елтаңбаның авторы Ш. Уәлиханов және Ж. Мәлібеков» – деді қала тұрғыны Мұхтар Орынбай

Елорда жұрты мемлекеттік ту туралы музыкалық қойылымдар, түрлі спорттық іс-шаралар мен мерекелік концертті тамашалай алады.

Мәди Бижан. Данияр Омар, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті

 

 

Новости партнеров