Елорданың негізгі су қоймасы алғаш рет кешенді жаңғыртылады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Астананы ауыз сумен қамтамасыз ететін стратегиялық нысан жаңартылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елорданы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған негізгі су қоймасы алғаш рет кешенді жаңғыртудан өтеді. 1970 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген стратегиялық нысанның инфрақұрылымын жаңарту арқылы тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету және су тасқыны қаупін төмендету көзделіп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мамандардың мәліметінше, бұл су қоймасынан жыл сайын халықтың қажеттілігі үшін шамамен 110 миллион текше метр су пайдаланылады. Жоба аясында қорғаныс бөгеті күшейтіліп, су бұру арналары салынып, нысан заманауи автоматтандырылған басқару және мониторинг жүйелерімен жабдықталады.

Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Мемлекеттік сараптамадан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.

«Жаңғырту аясында негізгі бөгет толық күшейтіледі. Сонымен қатар суға жақын орналасқан ішкі еңісті бекіту жұмыстары жүргізіледі. Бұл – ең күрделі кезеңдердің бірі. Бұдан бөлек, заманауи талаптарға сай автоматтандырылған басқару және мониторинг жүйелері орнатылады», – деді Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.

Жаңғырту аяқталғаннан кейін су жіберу процесі толық автоматтандырылады. Қазір бұл жұмыстар қолмен атқарылып келеді.

«Болашақта барлық жүйе автоматты режимде жұмыс істейді. Бұрынғыдай әр нысанға барып, қолмен басқарудың қажеті болмайды. Батырманы бассаң жеткілікті немесе жүйе бәрін өзі орындайды. Қазір су жіберу үшін ысырмаларды крандардың көмегімен қолмен көтереміз», – деді Астана гидроторабының басшысы Андрей Круглов.

Жоба аясында елорданы көктемгі су тасқынынан қорғайтын қорғаныс бөгеті де жаңғыртылады. Мұнда жаңа бөгет, апатты су тастағыш, су бұру арнасы және ерте ескертуге арналған автоматтандырылған бақылау жүйесі салынады.

«Соңғы жылдары климаттың өзгеруі мен экстремалды су тасқындарының жиілеуіне байланысты бұл нысанды күшейту туралы шешім қабылданды. Жоба аясында апатты су тастағыш канал салынып, заманауи автоматтандырылған әрі ерте ескерту жүйесі орнатылады», – деді Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.

Мамандардың айтуынша, жөндеу жұмыстарының нақты қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Өйткені реконструкция барысында ауыз судың сапасы сақталып, елорданы сумен қамтамасыз ету үздіксіз жалғасуы тиіс.

Оқи отырыңыз: Алматы полициясы алаяқтық пен ұрлықтың алдын алу шараларын күшейтті