Бақытжан Әлжанұлы ел экономикасының күретамыры саналатын темір жол саласында 35 жылдан бері еңбек етіп келеді
Тоғыз жолдың торабы саналатын мекенде таңның атысынан күннің батысына дейін аянбай тер төгіп жүрген теміржол саласының әрбір қызметкерінің еңбегі жоғары, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бақытжан Әлжанұлы ел экономикасының күретамыры саналатын темір жол саласында 35 жылдан бері еңбек етіп келеді. Азамат 1968 жылы Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауылында дүниеге келген. Бала күнінен пойыздардың әрі-бері қозғалысына қызығып өскен ол ойланбастан теміржол саласын таңдауға бет бұрған. Үш оқу орнын тәмәмдап, әскери борышын да теміржол торабында өткізген. Ал бүгінде қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен маман болып отыр.
"Темір жол саласында вагон құрастырушы болып жұмыс істедім. Диспетчер, мониворлық диспетчер сияқты қызметім де өсіп отырды. Қазір Вокзал шаруашылығы Көлік департаментінің бас инженерімін", – деді "Алматыэлектркөлік" ЖШС Вокзал шаруашылығы және көлік хабы департаментінің бас инженері Бақытжан Әбілпатаев.
Білікті маманның жылдар бойы істеген қажырлы еңбегі мен жұмысына деген адалдығы елеусіз қалмаған. Биыл оған теміржол саласына қосқан үлесі үшін "Қазақстан патриоты" және "Отан патриоты" медалі табысталды. Шойын жолдың қызығы мен шыжығын қатар көріп келе жатқан Бақытжан алдағы мереке күндерін де жұмыста өткізетінін айтты.
"Диспетчер кезімізде 31 желтоқсанда қар қатты жауды. 1995 жылдары бүкіл ұжым, демалып жатқан әр түрлі саланың да жігіттері келіп жолды тазартық. Пойыздың кіріп-шығуы мүлде қиын болды. Бір жолдан бір жолға ауысатын тұсын тазалап, таң атқанша жүргенбіз", – деді Бақытжан Әбілпатаев.
Ел игілігі үшін аянбай тер төгіп, еселі еңбегінің өресіне шыққан ардагер теміржолшы көп жылғы бейнетінің жемісін көріп жүр.
Әсем Бахытжанова, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Заң және тәртіп: Алматыда тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейді