Уілдеген желден үй жылымайды: Шымкенттіктер биыл сатып алған пәтер тұруға жарамсыз

Терезеден су ағып, қабырғалар бүлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкенттіктер «жаңбыр жауып, жел тұрмаса екен» деп тілеп отыр. Себебі бір жыл бұрын ғана берілген жаңа пәтердің терезесінен су өтіп, ызғар есіп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жап-жаңа тұрғын үй кешенінен биыл ғана сатып алынған пәтердің терезеден су ағып, қабырғалар бүлінген. Ал уілдеген желден үйдің іші мүлдем жылымайды. Тіпті еденге төселген материалдар да көтеріліп кеткен.

«Жел тұрғанда даусы қатты естіледі. Терезелердің астынан дала көрініп тұрады. Мәселені айтсақ «өздеріңіз сылап аласыздар» деді. Мардымды жауап ала алмадық. Тек терезелердің резинасын ауыстырумен ғана шектелді», – деді қала тұрғыны Алау Сейдуллақызы

Тұрғындардың айтуынша, кешендегі ондаған баспанада осындай ақау бар. Одан бөлек, шатыр мен жертөлеге су жиналып, жеделсаты да істен шығыпты. Тіпті үйдің құжаттарынан да шикілік шыққан көрінеді.

«Ай сайын 180 мың теңге төлейміз. Су басып жатқан үйде тұрамыз. Бала-шаға жаурайды, жылымайды. Сыртқы есіктері дұрыс жабылмайды. Балкондағы терезелер құлап жатыр. Қабырға сарғайып, түсіп жатыр», – деді қала тұрғыны Гүлназ Мақсұтова.

«Менің негізгі уәжім, тұрғындардың да уәжі – құжат мәселесі. Тексердік, құзырлы орындарға бардық. Тексере келе құжат құрылысқа дейін басқа кадастр нөмірімен берілген. Кейіннен кадастр нөмірі өзгертілген. Не үшін өзгертілгені бізге қызық болып тұр», – деді қала тұрғыны Саржан Бақытжанұлы.

Халықтың айқай-шуынан кейін тұрғын үй кешенін салған компания өкілдері де келді. Олар барлық кемшілік мердігер мекенінің сапасыз жұмысынан деп отыр. Енді оны түзету үшін қолдарынан келгенін жасамақ.

«Осы апта медігерді шақыртамыз. Бәрі бірден болмайды ғой, біртіндеп, кезең-кезеңмен олқылықты жоямыз. Ал істемеген жағдайда сотқа береміз. Қалтамызданақша төлеп, басқа медігерді жұмысты тапсырамыз», – деді құрылыс компаниясының өкілі Асылбек Мәуленов.

Ашуға булыққан тұрғындар құрылыс компаниясынан мәселені тез арада шешіп беруді талап етеді. Әйтпегенде сотқа дейін барамыз деп отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау: мәжілісмендер арасында қандай дау туындады

Новости партнеров