Эрозияға ұшыраған жер: ғалымдар олқылықтың орнын қалай толтырмақ

19.06.2025 20:11

Соңғы онжылдықта топырақтың жағдайы айтарлықтай нашарлап кеткен

Almaty.tv

Ауыл шаруашылығында шешімін таппаған мәселе көп. Соның бірі – соңғы онжылдықта топырақтың жағдайы айтарлықтай нашарлап кеткен. Мамандардың айтуы бойынша, ел аумағының шамамен 33 пайыз, яғни 90 млн гектар жер эрозияға ұшыраған. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында ауыл шаруашылығы мамандары мен ғалымдар Алматы облысында бас қосты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы облысы – еліміздің аграрлық әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Алайда соңғы он жылда мұндағы шамамен 2 миллион гектар жер жел эрозиясына ұшырапты. Бұл жағдай топырақтың ылғалды сақтау мен қоректік заттарды сіңіру қабілетін әлсіретіп, егін шаруашылығына елеулі қауіп төндірген. Аталған мәселе өңірде өткен дәстүрлі дала семинарында кеңінен талқыланды. Агросектор өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар бас қосқан жиында көміртекті және органикалық егіншілікті дамытудағы негізгі сын-қатерлер мен мүмкіндіктер талқыланды. Мамандардың айтуынша, дұрыс басқару арқылы тозған жерлерді қайта қалпына келтіруге және ауыл шаруашылығы өндірісін экологиялық жолмен дамытуға толық мүмкіндік бар.

«Бірінші бағыт – бұл ғылым. Арнайы дайындалған мерградта карбондық егіншіліктің негізін реттейміз. Екіншіден, ауыл шаруашылығының министрімен кездесіп отырмыз. Олармен бірге арнайы концепция дайындалады. Мемлекетіміз карбондық егіншілікке ауысуы керек. Үшінші бағыт – технология. Фермерлер карбондық егіншіліктің қалай болатынын білмейді, Бұл – Қазақстан үшін жаңа бағыт», – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.

Сонымен қатар, басқосуға қатысқандар Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік алқаптарын аралап, заманауи агротехникаларды көрді. Күздік жұмсақ бидайдың 27, қатты бидайдың 10 және тритикаленің 4 сорты егілген. Бұл дәнді дақылдарды суару үшін институт басшылығы көлемі 4,5 мың текше метрді құрайтын жаңа суару жүйесін іске қосқан. Сонымен қатар мамандар өнім сапасын арттырудың жаңа тәсілі ретінде карбондық егіншілік технологиясын да кеңінен қолдана бастаған. Бұл әдіс топырақ құнарлығын сақтап, климаттық өзгерістерге бейімделуге жол ашады.

 «Карбондық жер жұмыстары ол өте маңызды. Өйткені Қазақстан дүние жүзінде экологиялық таза өнімді шығаруға мүмкіндігі бар. Жерді өңдеу – өте маңызды», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Жиын соңында қатысушылар агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда білім мен технологияның маңызын атап өтіп, ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты.

Айта кетейік, өткен жылы Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 675 млрд теңгені құрап, республикадағы жалпы көрсеткіштің 8,2 пайызын құрады. Осылайша өңір ел көлемінде бесінші орынға тұрақтады. Биыл бұл көрсеткішті 750 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Елде азық-түлік бағасы қымбаттады