Есіл өзені арнасынан асты: Петропавлда төтеншеліктері күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Болжам бойынша, өңірге шамамен 10 күн ішінде су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Есіл өзені арнасынан асып, жақын маңдағы саяжай алқаптарына қауіп төніп тұр. Осыған байланысты Петропавл қаласының төтеншеліктері күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Болжам бойынша, өңірге шамамен 10 күн ішінде су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін. Сол себепті құтқарушылар тәулік бойы аумақтарды патрульдеп, әр үйді аралап, дрондар арқылы әуеден су деңгейін бақылап жүр. Егер төтенше жағдай бола қалса, тұрғындарды эвакуациялайтын сүңгуірлер тобы да жасақталыпты. Әзірге су саяжайларға кірмеген. Десе де, жергілікті жұрттың басым бөлігі алдын ала қамданып, үйін тастап кеткен.

«Бізде саяжай көп. Оларды 2017 жылдан бері су басады. Қазір онда ешкім жоқ, тұрғындардың барлығы көшірілді. Жылда көктем жақындағанда қажетті заттарымызды, бүлінуі мүмкін деген мүліктерімізді алып кетемі», деді саяжай бірлестігінің төрағасы Алексей Запорожец.

«Екінші толқын облыс орталығына 8–10 күн ішінде жетеді деп күтілуде. Есіл өзені маңындағы 45 саяжай бірлестігі қауіпті аймақта орналасқан нысандар саналады. Онда барлығы 229 адам тұрған. Қазір «Учитель» саяжайына кіруге шектеу қойылды. Өйткені, оған апаратын жалғыз жолды су басып жатыр», деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин.

Қазір Сергеев су торабындағы су деңгейі төмендеген. Дегенмен, тасқынның екінші толқыны алдағы күндері облыс орталығына дейін жетеді деп болжанып отыр.

Айта кетейік, төтеншеліктерден бөлек, полиция қызметкерлері де күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Олар да қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тұрғындардың мүлкін күзетуге кірісті.

Оқи отырыңыз: Шомылу маусымы: Түркістан облысында 8 адам суға кетіп, көз жұмды

Новости партнеров